$462.22 €536.5 ₽5.43
×

Түркістан облысында білім басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі облыстық тамыз кеңесі өтті

Түркістан облысында білім басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі облыстық тамыз кеңесі өтті

Түркістан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында дәстүрлі облыстық Тамыз кеңесі өтті. Білім саласының маңызды басқосуында жаңа оқу жылына арналған басым бағыттар айқындалып, өңірдегі білім беру жүйесінің даму нәтижелері мен алдағы міндеттер сараланды.

Тамыз кеңесіне келген ұстаздар мен облыс әкімі әуелі  арнайы ұйымдастырылған көрмені аралады. Онда  бірнеше компанияның өкілдері өз жұмыстарын таныстырып, инновациялық жобаларының мүмкіндігін көрсетті. Тамыз кеңесінде педагогтің рөлі мен жаңа технологияларға басымдық берілді. Жасанды интеллект білім алушы мен мұғалімнің мүмкіндігін кеңейтетін тиімді құрал ретінде қарастырылып, оны білім беру жүйесіне жауапкершілікпен әрі сапалы енгізудің маңыздылығы атап өтілді.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл – қарқынды өзгерістер заманның басты талабы. Қазіргі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект дәуіріне, яғни адамның ойлау мүмкіндігін компьютерлік жүйелер арқылы модельдеу кезеңіне аяқ басты. Сондықтан, жаңа Конституция жүктеген жауапкершілік пен заманауи технологияларды білім саласына тиімді енгізу - біздің басты міндетіміз.

Өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2024–2025 жылдары 29 жайлы мектеп іске қосылса, бүгінде облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 115 мектепті реновациялау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл шаралар балаларға заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Пәндер негізінде жинақталған орта жылдық қорытынды бойынша 69,4 пайызбен Түркістан облысының білім сапасы республика көлемінде 1-ші деңгейде тұр. Енді бұл бір күндік жұмыс емес. Ол бірнеше жылдан бері қарай келе жатқан өңір басшылығының, жалпы мемлекет тарапына, үкімет тарапынан беріліп жатқан қолдау мен жасалып жатқан инвестиция білім саласына.  

Аймақта ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға да ерекше басымдық берілуде.

Жиын барысында 6 ұстазға “Ерен” еңбегі үшін  Мемлекеттік награда, 11 педагог «Еңбек ардагері» медалі, 14 педагог Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.Сондай-ақ,  14 ұстазға «Ыбырай Алтынсарин» медалі мен 16 педагогке  «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі  табысталды.