$456.88 €534.64 ₽5.47
×

13 жастағы жасөспірім төрт жасар баланың өмірін құтқарды: ПД бастығы жас батырға алғыс білдірді

13 жастағы жасөспірім төрт жасар баланың өмірін құтқарды: ПД бастығы жас батырға алғыс білдірді
Polisia.kz

Қарағанды облысының бас полицейі Негмет Исмагулов суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалған 13 жастағы Нұралы Әлханды қабылдап, жасөспірімге ерлігі үшін алғыс білдірді.

Оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғы көлінде болған. Суда ойнап жүрген төрт жасар бала мінген үрмелі матрас желдің әсерінен аударылып, бала суға құлап кеткен. Сол сәтте жағалауда болған 9-сынып оқушысы Нұралы Әлхан ойланбастан көмекке ұмтылып, баланы судан аман алып қалған. Жасөспірімнің ерлігі туралы әлеуметтік желіден білген Қарағанды облысының полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов Нұралыны арнайы қабылдап, оның анасына да ризашылығын білдірді.

— Балаңыздың ерлігі туралы әлеуметтік желіден оқып, ерекше риза болдым. Сын сағатта тайсалмай, төрт жасар баланың өмірін құтқарған Нұралының батылдығы көпке үлгі. Осындай ержүрек азамат тәрбиелеп отырған ата-анасына алғысымды білдіремін. Балаларыңыздың болашағы жарқын болсын, — деді ПД бастығы. Кездесу барысында Негмет Исмагулов алты баланы тәрбиелеп отырған Нұралының анасы Самал Абдрахмановаға алғыс хат табыстады.