$456.88 €534.64 ₽5.47
×

Ауылдарды дамыту: бизнесті қолдау және инфрақұрылымдарды жаңарту

Ауылдарды дамыту: бизнесті қолдау және инфрақұрылымдарды жаңарту
Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Үкімет ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруда. Негізгі шаралар кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыс орындарын құруға, халық табысының өсуіне және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Шекара маңындағы елді мекендердің экономикалық әлеуетін ашуға ерекше назар аударылуда.

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 20 мыңнан астам шағын несие берілді

Үш жыл ішінде Бағдарламаны жүзеге асыруға 150 млрд-тан астам теңге бағытталды. 20 мыңнан астам шағын несие беріліп, 22 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бағдарлама ауыл тұрғындарына өз ісін дамытуға және тұрғылықты жері бойынша табыс табуға мүмкіндік береді.

2026 жылы 5 мыңнан астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарлануда

Жеңілдігі бар несиелер жылдық 2,5% мөлшерлеме бойынша беріледі. Қолдау мал шаруашылығын, егін шаруашылығын, қайта өңдеуді, қызмет көрсету саласын және ауыл бизнесінің басқа да бағыттарын қамтиды.

Қаржыландырудың кемінде 20%-ы өнімді өңдеуге бағытталады

«Ауыл аманаты» бағдарламасының жаңа қағидалары өңдеу жобаларын қолдауды және ауыл экономикасын әртараптандыруды күшейтеді. Бұл дайын өнім шығаруды ұлғайтып, ауылдарда қосымша табыс көздерін ашуға мүмкіндік береді.

Бағдарлама туризм және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес бағыттары бойынша кеңейтілді.

Ауыл тұрғындары қонақ үйлерді, этно және агротуризмді, тамақтану және орналастыру қызметтерін дамытуға жеңілдікпен қаржы ала алады. Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы қарыздарға мемлекеттік кепілдік беру тетігі іске қосылады.

Шекара маңындағы ауылдарда инфрақұрылымдар жаңартылып, мемлекеттік қолдау кеңеюде

2025 жылы шекара маңындағы 226 ауылда «Ауыл – ел бесігі» аясында 255 жоба жүзеге асырылды: жұмыстар әлеуметтік нысандарды, ТКШ, жолдар мен инженерлік желілерді қамтыды.

2026 жылғы сәуірде Өңірлік даму тұжырымдамасында инфрақұрылымды жаңғыртудан кәсіпкерлікті дамытуға және ауылда жаңа жұмыс орындарын құруға дейінгі мемлекеттік қолдау бағыттарының тізбесі кеңейтілді.

Ауылдық аумақтарды дамыту бизнесті қолдау мен инфрақұрылымды жаңғырту шараларын біріктіреді. Қайта өңдеу мен дамытуға, ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнесті кеңейтуге және жергілікті жерлерде толыққанды өндіріс тізбектерін құруға баса назар аударылуда.