$456.88 €534.64 ₽5.47
×

"Біз жастарға сенім артамыз",- Қасым-Жомарт Тоқаев

AstanaTV
23.08.2026ж. 21:00
"Біз жастарға сенім артамыз",- Қасым-Жомарт Тоқаев

Ел азаматтары Қазақстанның вице-президенті кім болатынын алдағы 10 күннің ішінде білетін болады. Жаңа лауазымға елге танымал тұлға келеді. Бұл туралы  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасаған соң, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Бір палаталы Парламенттің алғашқы сайлауының тарихи маңызы зор. Құрылтай сайлауы елдің дамуына тың серпін беріп, жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың қалыптасуына жол ашады деді Мемлекет басшысы.  Партиялар 1 ай бойы үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Теледебаттарда өз пікірлерін ортаға салды.  Бұл саяси науқанды Президент оң бағалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұл мәселеге оң баға берсем, қателеспеймін. Меніңше, саяси науқан жақсы өтті. Өте ұтымды, мазмұнды теледебаттар болды. Жастарымыз пікірталастарды зор ықыласпен тамашалады. Оған бәріміз де куә болдық. Бұл жаңғыруымыздың жаңа кезеңі әрі қарышты қадам болды деп айта аламын.

Құрылтай құрамында жастардың да өз орны бар. Заң бойынша партиялық тізімде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс. Биыл сайлауға ұсынылған 545 кандидаттың 74-і – 35 жасқа дейінгі азаматтар. Бұл -жастардың елдің саяси өміріне белсенді араласып, өзекті мәселелерді көтеруіне мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түрлі кедергі болады. Түрлі себеп кезігіп жатады. Дегенмен жастарға сенім артып, жауапкершілік жүктеу керек. Онсыз болмайды. Қазақстан – демография тұрғысынан жас мемлекет. Сондықтан жастарға зор сенім артамыз. Олар да бұған дайын болуға тиіс. Әйтпесе, кезінде министр болып, Үкіметке келген соң жұмыстың берекесін кетіргендер де болды. Бұған жол бермеуіміз керек.