Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның жаңа өкілді органы – Құрылтайға өткен алғашқы сайлаудың сәтті өтуіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жолдады.
Әзербайжан басшысы бұл маңызды саяси оқиға Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа тарихи кезеңнің басталғанын атап өтті.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге және бауырлас Қазақстан халқына Қазақстан Республикасының жаңа парламенті – Құрылтайға өткен алғашқы сайлаудың сәтті өтуіне орай шынайы құттықтауымды жолдаймын. Бұл маңызды оқиға Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі жаңа тарихи кезеңнің басталуын білдіреді. Оның елдің жан-жақты дамуына, Сіз жүргізіп отырған ауқымды реформалардың жалғасуына және алдағы міндеттердің жүзеге асуына ықпал ететініне сенімдімін. Құрылтай жұмысына табыс тілеймін», – делінген құттықтауда.
Ильхам Әлиев Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тарихи тамыры, ұлттық-рухани құндылықтары мен бауырластық байланыстары ортақ қарым-қатынастардың маңызы зор екенін атап өтті.
Оның айтуынша, екі ел көшбасшылары арасындағы белсенді әрі нәтижелі саяси диалог Әзербайжан-Қазақстан стратегиялық серіктестігінің нығаюына және жаңа мазмұнмен толығуына серпін берген.
«Берік негізге құрылған Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестік екі халықтың игілігі үшін бірлескен күш-жігерімізбен одан әрі дами беретініне және нығая түсетініне сенемін», – деп жазды Әзербайжан Президенті.