Орал қаласының іргесіндегі Желаев кенттік округінің 52 жастағы тұрғыны Алексей Наянов үйсіз қалды. Қазір оның баспанасы жергілікті әкімдіктің меншігіне өткен. Далада қалған ол енді туыстарын паналап жүр. Еркін Карин мән-жайды білді.
Еркін Карин, тілші:
Таласқа түскен бұл үй қазір жергілікті әкімдіктің меншігінде. Бірақ үй иесі мұнымен келіспейді. Айтуынша, осында дүниеге келген. Балалық шағы да осында өткен. Тек бір айыбы, үйдің құжаттарын кезінде рәсімдемепті.
1975 жылы берілген бұл үйді Алексейдің әке-шешесі жекешелендірмеген. Тиісті құжаттары болмағасын, өзі де рәсімдей алмаған. Әрі сырқаттанып, біраз уақыт туыстарын уақытша паналаған. Иесіз қалған үйді сол кезде әкімдік алып қойса керек.
Алексей Наянов, Орал қаласының тұрғыны:
Сотқа берген кезде ғана әкімдіктің үйді өз балансына алғаны анықталды. Олар бізге ешқандай құжат берген жоқ. Үйді қашан өздеріне аударғаны туралы анықтама да бермеді. Сөзімізді ешкім тыңдамайды. Айналып келгенде далада қалдым.
Ал әкімдік өкілдері Алексей Наянов өзінің заңды құқын пайдаланбағанын айтады.
Ерболат Каримов, Орал қаласы әкімдігінің бөлім басшысы:
Оның бұл үйде тұрмағанына он жылдан асқан. Әрі меншік иесі екендігін растайтын ешбір құжаты жоқ. Қазір бұл үй коммуналдық меншікте. Егер адамның әлеуметтік жағдайы нашар болса, онда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекке тұра алады.
Дегенмен Алексейдің көршілері мұнымен келіспейді. Олар әкімдіктің әрекеті ақылға сыймайды деп отыр. Сондықтан сотта куәлік етуге дайын.
Владимир Дмитриев, А. Наяновтың көршісі:
Үйді иесіз қалды деп айта алмаймын. Ол сол кезде көршілеріне көмектесіп, таныстарында жұмыс істеп жүрді. Үйінде күн сайын қонбаған шығар. Бірақ біресе ауырды, біресе жұмыста болды. Ал үйін иесіз қалдырған жоқ.
Қазір бұл үй мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінде. Енді баспанаға мұқтаж жандардың біріне қызметтік пәтер ретінде берілуі мүмкін. Туыстарын паналап жүрген Алексей әкімдікті сотқа да берген. Бірақ нәтижесіз аяқталыпты. Енді ол Жоғары сотқа арызын әзірлеп жатыр.
Еркін КАРИН