Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың қатысуы мен дауыс беру қорытындыларының алдын ала нәтижелерін жариялады. Тізімге енгізілген 12,6 миллион азаматтың 9 миллионынан астамы дауыс беруге қатысқан.
«Әділет» партиясына сайлаушылардың 71,17%-ы дауыс берді. Екінші орында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 6,26%. Үшінші орында Respublica партиясы - 5,56%. «Ақ жол» демократиялық партиясы 5,21%, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 5,11% дауыс жинады. Қазақстан Халық партиясы 3,11%, «Байтақ» жасылдар партиясы 1,07%. Сайлаушылардың 2,51%-ы «Бәріне қарсымын» деген ұстанымды таңдаған.
НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Дауыс беру күні сайлау рәсімін байқауды 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы жүзеге асырды. Оның ішінде кандидаттар мен саяси партиялардың 7003 сенім білдірген адамдары, саяси партиялардың 24 879 байқаушысы, 182 акредиттелген қоғамдық бірлестіктен 26 887 байқаушы, сондай-ақ шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 777 байқаушы қатысты.
Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысы мен барлық рәсімдердің сақталуын қазақстандық және шетелдік сарапшылар бақылауда ұстады. Сондай ақ отандық бұқаралық ақпарат құралдарының 1 852 өкілі мен аккредиттелген 117 шетелдік журналист елдегі саяси науқан жайлы ақпарат жариялады.
СИКАНДАР СҰЛТАН РАДЖА, ПӘКІСТАННЫҢ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Біздің делегация бірнеше сайлау учаскесінде болып, дауыс беруді қоса алғанда, сайлау процесінің барлық кезеңін бақылауға мүмкіндік алды. Сайлау үдерісі нақты әрі жүйелі ұйымдастырылғанын атап өтеміз. Барлық мүдделі тараптардың сайлаушыларға қолайлы жағдай жасап, сайлау тәртібін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарын жоғары бағалаймыз.