$458.87 €535.09 ₽5.42
×

"Жасанды интеллект технологиясы мұғалімдердің 12 сағатын үнемдейді", - Ж. Сүлейменова

"Жасанды интеллект технологиясы мұғалімдердің 12 сағатын үнемдейді", - Ж. Сүлейменова

Қазақстан мұғалімдердің беделін көтеру бойынша әлемде екінші орында. Ұстаздарымыз еңбекақыға қанағат ету рейтингінде үздік бестікке кіреді. Ұлт сапасын арттыру тікелей педагогтердің қолында. Сондықтан мемлекет олардан қамқорлығын аямайды. Президент республикалық тамыз конференциясын ұлағатты мамандық иелерін ұлықтаудан бастады. Жаңа оқу жылында саланы қандай жүйелі өзгерістер күтіп тұр? Айсәуле Съезбек тарқатады.

Биыл білім мен ғылым еліміздің бас құжатында стратегиялық бағыт боп бекіді. Бұған дейінгі 7 жылда бұл салаға бөлінген қаржы 3 есе артып, 6,4 трлн теңгеге жеткен. 5 жыл ішінде 1 млн оқушыны қамтитын 1120 мектеп салынды. Әсіресе, ауылдағы білім ошақтарының базасын жаңартуға баса назар аударылған. Дегенмен халық саны өсіп, мектеп салуға қажеттілік артып отыр. Мұғалім тапшылығы да тыйылған жоқ. 5 мың ұстаздың орны бос тұр. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Аймақтар арасындағы білім сапасына қатысты алшақтықты жою қажет. Облыста білім алып жатқан оқушылардың 75 пайызға жуығы ауылда тұрады. Олардың жан-жақты және қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Қажетті инфрақұрылым салып, шалғай елді мекендерге мықты мамандарды тартқан жөн. Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет.

Президент мектеп бағдарламасындағы ойдан құрастырылған «жалған батырларды» жоюды тапсырды. Ұдайы жапа шеккен ұлт образы ұрпақтың еңсесін езбесе, көтермейтіні рас. Арнайы тексеріс мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қатені анықтаған. Мемлекет балаларды жан-жақты қорғау үшін интернеттегі контентті де сүзгіден өткізуі тиіс. 16 жасқа толмағандарды әлеуметтік желіге тіркеуге тыйым салатын заң жобасы Құрылтайдың алғашқы сессиясында-ақ қаралады. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың денсаулығын құртып жатқан фаст-фудқа да алаңдаушылық білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды. Бұл өте күрделі мәселе. Түрлі шетін тұстары, пікірталастарға негіз болған медициналық, тіпті саяси астары бар. Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек.

Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына  "Құқық негіздері" пәні енгізіледі.  «Конституция негіздері» мен  «Заң мен тәртіп» қосымша курс ретінде өткізілді. Ал педагогтердің алтын уақытын алатын артық жұмыстарды азайту үшін инновациялық экожүйе құрылмақ.

ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:

Жаңа оқу жылынан бастап профессор Кай Фу Лидің ұсынысымен еліміздің барлық өңірлеріндегі 500 шағын жинақты мектептерде ЖИ технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылатын болады. Біздің есептеуімізше, ЖИ технологиялары мұғалімдердің аптасына 12 сағатқа дейін уақытын үнемдейді. ЖИ мұғалімдерді ауыстырмайды, ЖИ мұғалімге көмекші құрал болады.

Бас мұғалімнің сөзінше, енді жаттауға негізделген білімнен ойлану, алған сабақты қолдануға үйрететін жүйеге көшеміз.  ЖИ жылдамдық үшін керек-ақ. Алайда сапалы білімнің артында әрқашан – кітап қана.

АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ, ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ:

Үй тапсырма берсеңіз, ол ЖИ-ге береді де, содан жауабын көшіріп бере салады. Бұл дұрыс емес. Мінекей, осыған біз қарсы шара табуымыз керек. Бұл – бір. Екінші оқулықтар мәселесі. Бізде керек емес тақырыптар көп. Оның бәрін ретке келтіру керек. 

Тамыз конференциясы талай жылдап халық баласын оқытудан талмаған ұстаздарды марапаттаумен аяқталды. Бүгінге дейін «Қазақстанның еңбегі сіңген ұстазы» атағын 100-ге жуық мұғалім иеленген.