$462.3 €538.07 ₽5.41
×

Елде 7 мыңға жуық бала қант диабетіне жалдыққан

AstanaTV
27.08.2026ж. 19:00
Елде 7 мыңға жуық бала қант диабетіне жалдыққан

Балалар арасында созылмалы аурулар мен семіздік белең алып барады. Ресми дерек бойынша, бүгінде елдегі 7 мыңға жуық бала қант диабетімен дәрігерлердің бақылауына алынған. Мамандар мұны зиянды тамақтану әдетімен және дайын өнімдердегі жасырын қанттың көптігімен байланыстырады. Зиянды тағамның зардабы қандай және балалардың рационын қалай реттеген жөн? Әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатады.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Рақмет! Бәріміз де фаст-фудқа құмармыз. Өйткені дәмді, жылдам әрі бағасы да қолжетімді. Бір жесең, жей бергің келеді. Бірақ осы бір сәттік ләззаттың артында үлкен қауіп жатыр. Соңғы жылдары елімізде өңделген өнімдер мен газды сусындарды жиі тұтыну салдарынан, әсіресе балалар арасында созылмалы аурулар белең алып барады.

Мамандардың айтуынша, ең басты қауіптің бірі - жасырын қант. Өйткені ол күнделікті тұтынатын дайын өнімдердің, соустар мен тұздықтардың құрамында өте көп. Тәттіге деген әуестік пен фаст-фудтың жылтыраған жарнамасы өсіп келе жатқан жас ұрпақтың денсаулығына кері әсерін тигізуде.  Ресми дерек бойынша, бүгінде елімізде 7 мыңға жуық бала қант диабетімен дәрігерлердің бақылауында.

МАХАББАТ ИБРАГИМҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР-ДИЕТОЛОГ:

Ең жаман, ақ өлім дейді ғой, ол -қант. Өйткені бізде қант барлық жерде қосылады. Мысалы ол соус дейік, тәтті тағамдар дейік, және мына жалпы  кухняның өзінде де қосылып жатқан тамақтардың барлығына қант қосылады.

Балада дұрыс әдеттің қалыптасуы тікелей отбасыдағы өмір салтына байланысты. Ата-ананың күнделікті рационы баланың салауатты өмір салтын қалыптастыруға тікелей ықпал етеді. 

ЕЛЕГА САПРИНА, НУТРИЦИОЛОГ:

Бала көргенін қайталайды. Күнде қарапайым көмірсуларды көп қолданатын болсақ, балаларымыз да соны жейді. Фастфуд – балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің көбеюіне әсер ететін фактордың бірі. Энергетикалық және газды сусындар, пицца, бургер, фри сияқты тағамдар балалардың күнделікті өмірінде жиі кездеседі. Трансмайлардан тұратын фастфудтың ағзаға еш пайдасы жоқ.

Осыған байланысты Президент Үкіметке майлар, қант пен тұздың мөлшері жоғары зиянды тағамдарды шектеуді және олардың жарнамасына тосқауыл қою мәселесін мұқият зерделеуді тапсырды. Дәрігерлер де ұлт саулығын сақтау үшін балалардың тамақтану рационын шұғыл қайта қарау қажеттігін ескертеді.