$464.77 €541.36 ₽5.41
×

Атырау облысында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр

Атырау облысында белгісіз аурудан мал қырылып жатыр
Фото: pixabay

Тұрғындардың айтуынша, мәселе биыл ғана туындамаған. Осыған ұқсас жағдай өткен жылы да болған. Ол кезде мамандар малдан сынама алғанымен, аурудың нақты себебі анықталмаған.

Атырау облысының Кеңөзек ауылында белгісіз аурудан ірі қара мал қырылып жатыр. Шаруалардың айтуынша, соңғы бір аптада оннан астам сиыр өлген. Тұрғындар малдың неден қырылып жатқанын анықтап, нақты диагноз қоюды талап етуде.

Шаруалардың сөзінше, мал жайылымда жүрген жерінен аяқ астынан құлап, өліп қалады. Олар аурудың өзге түлікке де таралуынан қауіптеніп отыр.

Он үш бас қырылып қалды. Қандай ауру екені, диагнозы анықталмай жатыр. Қасымыздағы барлық қожалық біледі. Бәрі барып өртелді. Басқа малға да жұғуы мүмкін ғой. Оңай жағдай емес. Қандай ауру, жұқпалы ма, неліктен өліп жатыр? Мал жүріп келеді де құлайды, бірден өліп қалады, – деді шаруа Рая Мұханбетова.

Тұрғындардың айтуынша, мәселе биыл ғана туындамаған. Осыған ұқсас жағдай өткен жылы да болған. Ол кезде мамандар малдан сынама алғанымен, аурудың нақты себебі анықталмаған.

Былтыр менің малым да өліп қалды. Нақты санын білмеймін. Ауылда ауру жыл сайын қайталанып тұр. Диагнозын айтса, өзіміз ары қарай емдетер едік. Қазір не істерімізді де білмейміз, – деді шаруа Еркін Шарипов.

Ал жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі таңда жүргізілген зертханалық сараптамалардан нақты ауру түрі анықталмаған. Мамандар судан және шөптен де ауру белгілерін таппаған.

Сынама бойынша ешқандай ауру түрі анықталған жоқ. Қосымша тиісті мекемелер мен зертханалық бөлімдерде зерттеу жүргізіледі. Қазір нақты болжам да жоқ. Себебі судан да, шөптен де еш белгі анықталған жоқ. Қауіпті ауру анықталған жағдайда ғана өтемақы төленеді, – деді Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Эдуард Оспанов.

Қазір мәселенің нақты себебін анықтау үшін Астанадан мамандар шақырылмақ. Олар қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Сонымен қатар ауылда мал арасында аурудың таралуына жол бермеу мақсатында төрт түлікті жаппай вакцинациялау жұмыстары жүргізіледі.

Ал шаруалардың қырылған мал үшін өтемақы алу мәселесі әзірге шешімін тапқан жоқ. Жергілікті әкімдік өтемақы қауіпті ауру расталған жағдайда ғана төленетінін мәлімдеді.