$464.77 €541.36 ₽5.41
×

Қарағандыда кеншілер күніне орай өткен концертке 250 мың адам жиналды

31.08.2026ж. 19:00
Қарағандыда кеншілер күніне орай өткен концертке 250 мың адам жиналды

Қарағандыда кеншілер күніне орай ұйымдастарылған концертке 250 мың адам жиналды. Дәстүрлі кәсіби мереке биыл ерекше ауқымда өтті. Бұл – Қазақстан тарихындағы рекордтық қалалық мерекелік шаралардың бірі. Қарағандының басты алаңына кеншілер әулеттері, қала тұрғындары мен қонақтары ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлерінен келген көрермендер де жиналды. Мерекеге Ұлыбритания, Италия, Испания, Моңғолия және ТМД елдерінен де қонақтар қатысты. Кештің басты жұлдызы – қазақстандық әлемдік деңгейдегі әнші Димаш Құдайберген болды. Сонымен қатар сахнада Қайрат Нұртас, Дима Билан секілді отандық және шетелдік өнерпаздар өнер көрсетіп, көрермендерге бірнеше сағатқа созылған музыкалық шоу ұсынды. Ауқымды шара үшін 5 гектардан астам аумақ арнайы дайындалды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алаң төрт секторға бөлініп, жедел қызмет көліктеріне арнайы жолақтар қарастырылды. Қоғамдық тәртіпті сақтауға 800-ден астам Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жұмылдырылды. Ән мен биге ұласқан мерекелік кеш қарағандылықтардың ерекше ықыласына бөленді. Кеншілер күні – Қарағанды үшін жай ғана кәсіби мереке емес. Бұл – бірнеше буын бойы жер қойнауындағы ауыр еңбекті арқалаған кеншілерге көрсетілетін құрметтің белгісі. Биылғы мерекелік кеш қара алтынның астанасы атанған Қарағандының кеншілер рухын, еңбек дәстүрін және өнерге деген құрметін бір алаңға тоғыстырды.