Ресейдің Краснояр өлкесінің Канск қаласындағы №2 мектепте 1 қыркүйекке арналған салтанатты жиын алдында жетінші сынып оқушысы мұғалімдерге шабуыл жасады
Алдын ала мәлімет бойынша, оқушы алдымен бұрыш баллонын шашып, кейін пышақ шығарған. Педагогтерге көмектесуге оқушылардың бірінің анасы келген. Әйел шабуыл жасаған қызды дәлізге қарай итеріп шығарған.
Оқиға орнына тергеушілер жұмыс істеп жатыр. Шабуыл салдарынан жеті адам зардап шеккен. Олардың бесеуі – бала, екеуі – ересек адам.
Краснояр өлкесінің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендердің барлығы Канск ауданаралық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оларды тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткен. Кейін барлығы амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Мектептегі физика пәнінің мұғалімі Ольга Кострова қыздың бірнеше мұғалімге қатарынан бұрыш баллонын шашқанын айтты. Оның сөзінше, баллоннан шашыраған зат көзіне тиген педагогтер зардап шеккен.
Оқиғаның өзге куәгерлері жасөспірімнің шабуылға дейін өзін оғаш ұстағанын айтқан. Baza мәліметінше, қыздың қарашығы үлкейіп, өзі қатты қобалжыған. Бұған дейін оның мектепте елеулі проблемалары болмағаны хабарланды. Алайда оған сыртқы келбетіне қатысты ескерту жасалып, тым ашық киінбеуін және боянбауын сұраған.
Шабуыл болған күні оқушы мектепте шамамен екі сағат болған. Сынып сағаты басталар алдында ол дәретханаға кіріп, ішінен есікті жауып алған. Біраз уақыттан кейін қолына пышақ пен бұрыш баллонын ұстап шыққан.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.