Соңғы 3 айда терроризм мен экстремизм қылмыстарына қатысты 19 адам сотталып, 28 адам ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. Сотталғандардың бірі 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздеуде болған Алматы тумасы. Ол Түркияда анықталып, былтыр Қазақстанға депортацияланған. Сот ер адамды сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Ал Шымкент тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын таратып, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларына шақырғаны үшін тоғыз жылға сотталды. Ұсталған 28 адам терроризмді насихаттау, діни араздықты қоздыру, тыйым салынған материалдарды тарату және экстремистік ұйымның қызметіне қатысу күдігіне ілінген. Қазір олардың істері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.