$458.45 €531.39 ₽5.29
×

Оралдық маскүнемдер өздерінің ішімдікке тәуелділігін жасыруға көшкен

02.09.2026ж. 19:00
Оралдық маскүнемдер өздерінің ішімдікке тәуелділігін жасыруға көшкен

Оралдық маскүнемдер өздерінің ішімдікке тәуелділігін жасыруға көшкен. Бұған заң талаптарының күшеюі себеп. Яғни, наркологиялық тіркеуде тұрған адамның тіпті көше сыпырушы болып жұмысқа алынуы екіталай. Мұны білсе, жұмысберуші де маскүнеммен әлек болғысы келмей, жауапкершіліктен қашады. Амал жоқтан ауруын жасырып жүргендердің жағдайы туралы тілшіміз жалғастырады.

Оңалту орталығында емделіп жатқан Владимир Темяшовтың ішімдікпен достығы сырадан басталыпты. Достарының көңілін қимаған жігіт ағасының араққа әуестігі 40 жылға созылған. Енді пайғамбар жасына таяғанда емделуге бел буыпты. Бүгінде жұмысынан айырылып, отбасынан басқаға қажетсіз боп қалған.

ВЛАДИМИР ТЕМЯШОВ, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПАЦИЕНТІ:

25 жыл спортпен айналыссам да, ішімдік бәрінен де күшті болып шықты. Ақыры жеңілдім. Өзіңді маскүнеммін деп мойындау қиын екен. Осы әлсіздігімді тек психологтардың көмегімен жеңдім.

Бүгінде облыста 3 мыңнан астам адам маскүнем ретінде ресми тіркелген. Бірақ заң талаптары күшейгендіктен, дені дәрігерге барғысы келмейді. Егер есепте тұрғаны анықталса, тіпті көше сыпырушы болып жұмысқа орналасу да қиын.

СВЕТЛАНА РАЗУМЕЦ, ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ОҢАЛТУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Заң күшейіп, қомақты айыппұл салынатын болғасын, көпшілігі араққа әуестігін жасыруға тырысады. Бір жағынан статистикада маскүнемдердің саны азайғандай көрінеді. Ал екінші жағынан бұл жағдайды толық бақылай алмай отырмыз.

Аймақта алкоголь саудасы да қызып тұр. Статистика басқармасының дерегінше, екі жыл бұрын 22 млрд теңгенің ішімдігі сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш екі еседей өсіпті. Дегенмен адамды адам еткен еңбек маскүнемдіктен құтқарады, дейді мамандар.

ЕРКІН КАРИН, ТІЛШІ:

Мына ұядай демалыс орнын осында емделушілердің өздері жасапты. Өрнектаспен өрілген су айдынының жанынан қос аққуды жіберген. Бір қызығы, жартылыққа жарымай жүргендер осы жерден жүрегінің жартысын тауып жатады екен.