$458.45 €531.39 ₽5.29
×

"Қымыз ішіп, жүргізуші куәлігінен айырылғандар бар" - дәрігер

"Қымыз ішіп, жүргізуші куәлігінен айырылғандар бар" - дәрігер

Қымыз ішкендерден де алкаголь анықталып жатыр. Әсіресе, жүргізушілердің полициямен дауласуы жиілеп кетті. Қымыз буы ағзада қаншалықты ұзақ сақталады? Ал қымызға спирт қосылып сатылады деген сөз рас па? Әріптесім Назерке Алтынбек арнайы эксперимент жасап, мәселенің мән-жайын зерттеп көрді.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Ереже бойынша мас күйінде көлік жүргізетін болса, жүргізуші 15 тәулікке қамалып, 7 жылға дейін куәлігінен айырылуы мүмкін. Ал қазір менің қолымда табиғи қымыз, егер мен бұны ішіп, көлікке отыратын болсам, заң жүзінде қалай жауап берем? Оны білу үшін, арнайы наркологиялық орталыққа келдік, қазір дәрігер тексеріп, алкотесттен өткізіп беретін болады. Сәлеметсіз бе?

ДАНИЯР АЙТҚОЖИН, ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біздің алкотестер сертификатталған. Алдымен қымызды ішпей тұрып өлшеп алайық. 10 секунд бойы тоқтамай үрлеуіңіз керек. Иә, болды. Қазір алкотестер бірден жауабын шығарады. Сізде қазір 0-ді көрсетіп тұр. Енді қымыз ішіп көріңіз.

Тексерудің алғашқы кезеңінен соң, экспериментті ары қарай жалғастырдық. Бір стақан қымызды ішіп, арада бірнеше секунд өткенде құрылғыға қайта үрлеп көріп едік, алкотестердің қызыл шамы жанып, көрсеткіш бірден 0,66 промиллені көрсетті.

- Ал осындай промиль көрсеткен жағдайда қандай шара қолданасыздар?

ДАНИЯР АЙТҚОЖИН, ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ең бірінші бізде клиникалық көрсетілім болып саналады. Ал алкотестер мен қан ол бізде қосымша көрсеткіш болып саналады. Қымыз іштім деп алдайды негізі, бірақ лабораторлық талдаумен де, клиникалық көрсетілімдермен де дәлелдеп береміз құрамында этиль спирті бар екенін. Егер ол табиғи қымыз болса, онда ауыз қуысында этиль спирті қалады, бірақ тез арада кетіп қалады. Егер қымызбен қосып сыра, арақ ішпесе. Қазір алкотестер дайын, көрсеңіз болады.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Қазір алкотест ойланып жатыр. Негізі табиғи қымыздарда, тіпті бір промильге дейін жетпеу керек екен. (пауза) Алкотест бар болғаны бес минуттың ішінде менің өлшемімді нөлге дейін түсірді. Демек, расымен де табиғи қымыздарда жоғары көрсеткіштер көрсетпеуі керек.

Дәрігерлердің сөзінше, соңғы кезде  тек қымыз іштім деп ақталғанымен, зертханалық сараптама кезінде қанынан спирт өнімдері анықталатын жүргізушілер көбейген. Салдарынан сусынға күмән келтіріп, тіпті әлеуметтік желіде қолдан жасалған, құрамында градусы бар қымыздардың сатылып жатқаны туралы қызу талқылануда. Желі қолданушылары да табиғи өнім мен жасанды қоспаны ажырату оңай емес екенін айтып, дабыл қақты.

КОММЕНТАРИЙ:

- Таза қымыз ондай болмайды

- Бұл қымыз емес, арақ қой!

- Кейбір сатушылар градус шығару үшін арақ қосады, ішпеңіздер

Жұртшылықтың бұл күмәні қаншалықты рас? Шын мәнінде нарықта арнайы спирт қосып, қымыз баптайтындар бар ма? Мәселенің анық-қанығына жету үшін өзіміз тапсырыс беріп көруді жөн санадық.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Қазір біз әлеуметтік желідегі кез келген дүкенге хабарласып, арнайы дәммен, яғни спирт қосылған қымыз жасап беруін сұрап көрмекпіз.

- Алло, сәлеметсіз бе?

- Сәлеметсіз бе?

- Қымыз сатасыздар ма? Қанша теңгеден?

- Иә, 2000 теңгеден.

- Бізге тойға қымыз керек еді. 500 литрдей, арнайылап, кішкене спирт қосып жасап берсеңіздер болады ма, олай істеуге?

- Жасап береміз, жасап береміз.

- Ол бал қымыздан бөлек болады ғой, иә?

- Бал қымыздан бөлек.

- Жақсы, мен қазір сізге ватсаптан жазамын.

Алғашқы қоңыраудың өзінен осындай жауап алуымыз таңғалдырмай қоймайды. Бұл кездейсоқтық па, әлде нарықта тұтынушы сұранысына қарай стандартқа сай емес өнім ұсыну әдетке айналған ба? Алайда, мұндай заңсыз әрекеттің соңы жазаға әкеп соқтыратынын сатушылар да,тұтынушылар да есте ұстаған жөн.

ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Қандай да бір жол берілмейтін, тағам ретінде жол берілмейтін қоспалар болса, онда қымызды сатушы немесе өндіруші жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сондықтан, қымыз іштім деген сылтау рульдегі жауапкершіліктен босатпайды. Табиғи сусынның әсері 10-15 минутта тарап кеткенімен, қолдан спирт қосылса салдары ауыр болуы мүмкін.