$458.45 €531.39 ₽5.29
×

Қазақстанда психологтардың бірыңғай мемлекеттік реестрі құрылады

AstanaTV
02.09.2026ж. 19:00
Қазақстанда психологтардың бірыңғай мемлекеттік реестрі құрылады

Елде психологтардың бірыңғай мемлекеттік реестрі құрылып, "жан шипагерлерінің" қызметіне қатаң талаптар енгізілмек. Енді дипломсыз мамандар тізілімге өте алмайды, ал дәрі-дәрмек тағайындағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Саладағы жаңашылдықтар туралы әріптесім Аяулым Изатқызы айтады.

Психология - конвейерлік өнім емес. Әр адам - қайталанбас тұлға. Алайда бүгінгі псевдопсихологтар стандартты схемаларды мыңдаған азаматқа бірдей сатып, адам жанын бизнеске айналдырып алған. Кәсіби мамандар мұндай үстірт көзқарастың қауіпті екенін алға тартады.

ЛИМАНА ҚОЙШИЕВА, ПСИХОЛОГ:

Бір курс өтеді, болмаса бір ғана мастер-класс өтеді де, соны 10 адамға, 20 адамға, 100 адамға беріп жатады. Марафондар, сондайды үйретіп жатады, соны сатып жатады. Шын мәнінде жеке ол тұлға, ол жеке индивид. мысалы берілген бір методика, бір техника барлық адамға әсер етпеуі мүмкін. Ол адамның тағдыры әртүрлі, ол адамның ситуациясы әртүрлі.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сәттілікке жетудің құпиясын айтамын», «бақыттың бағдарын көрсетемін», «жан жараңызды емдеймін». Бүгінде әлеуметтік желінің әр бұрышынан "мен мұндалайтын" мұндай жарнамалар халықтың назарын аударып, сенгіш жандардың қалтасын қағудың төте жолына айналды. Алайда қолында дипломы жоқ, небәрі екі-үш апталық жедел курстың куәлігін арқалап, өзін «кәсіби психолог» немесе «тағдыр шешуші коуч» деп жариялағандардың дәуірі таусылды. Олардың заңсыз әрекеті құқықтық тұрғыдан қатаң қудаланатын болады.

Нарықты алаяқтардан тазарту үшін Еңбек министрлігі психологтардың бірыңғай мемлекеттік реестрын құрмақ. Мемлекеттік тізілімге ену үшін енді жай ғана куәлік емес, психология бойынша жоғары білімді растайтын диплом міндеттеледі. Бұл жүйе әр азаматқа маманның сертификатын алдын ала тексеруге мүмкіндік береді.

ӘСЕМ ЕЩАНОВА, ҚР ЕХӘҚМ АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Жеке куәлік, психология білім беру бағдарламасы бойынша жоғары білімі болуы керек және де өтінім. Уәкілетті орган, оператор бұл құжаттарды тексеріп, егер де расталып жатса құжаттары, онда тізілімге енгізілетін болады.

Тағы бір маңызды жаңашылдық - психолог пен дәрігердің шекарасы нақтыланды. Енді психологтарға клиникалық диагноз қоюға, тыйым салынған медициналық әдістерді қолдануға және дәрі-дәрмек тағайындауға түбегейлі тыйым салынады. Заңнаманы бұзып, тұтынушының денсаулығына зиян келтіргендер әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мұндай «жасанды сарапшылардың» арбауына түсіп, қаржылай да, психологиялық та зардап шеккен тұрғындар заң жүзінде құқығын қорғай алады. Уәде етілген нәтиже болмаса, төленген қаражатты полиция арқылы кері қайтаруға толық негіз бар.

ТІЛЕУЖАН КІШКЕНЕБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Егер де сіздерді психологтар баюдың жолдарын айтамыз және де тез байисыз, ақша табудың оңай жолдары деп сіздерді шақырып алып, бірақ іс-жүзінде олай жасалынбай сіздер алданатын болсаңыздар, ешқандайда көмегі тимейтін болса, сіздер оған полиция басқармасына арыздану арқылы берілген ақшаны даулап, қайтаруға, талап етуге құқықтарыңыз бар.

Сонымен психологиялық қызмет көрсететін әрбір маман енді қатаң сүзгіден өтеді. Жаңа ережелер күшіне енген соң, азаматтар өз құқығын қорғап, сертификатталған шынайы сарапшының ғана көмегіне жүгіне алады.