$455.86 €528.84 ₽5.25
×

Қазақстан мен Лаос арасында бауырластық байланыс нығаяды

Қазақстан мен Лаос арасында бауырластық байланыс нығаяды

Қазақстан Лаос арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға тасымалдайтын өнім көлемін арттыруға ниетті. Есесіне серіктес елдің Еуропаға шығуына Транскаспий халықаралық көлік белдеуін ұсынады. Мемлекет басшысы Лаос президентімен келіссөз барысында осылай деді. Тхонглун Сисулиттің Астанаға алғашқы ресми сапары тараптар үшін тағы қандай мұрат-мақсатқа негізделді? Айсәуле Съезбек тарқатады.

Қазақстан мен Лаос арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жылға жуықтады. Президент Тхонглун Сисулит мырзаның бұл біздің елге алғашқы ресми сапары. Екі ел сауда-экономикалық ықпалдастықты дамытуға ниетті. Біздің тарап мұнай химиясы, металл, тағам, ауыл шаруашылығы мен  фармоцевтика өнімдерін экспорттауға әзір. Ал серіктес елге Еуропаға шығатын логистикалық мүмкіндіктерді ұсынып отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 85 пайызы еліміз арқылы өтеді. Грузияның Батуми және ҚХР-дың Ляньюньган порттарында қазақстандық терминалдар жұмыс істейді. Біз Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның логистикалық хабын іске қостық. Осы платформаларды лаостық жүк тасымалдаушылар пайдалана алады. Осы орайда, үкіметтеріміз көлік-логистика саласы бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер бекітуді пысықтауы қажет.

Астана халықаралық қаржы орталығында әлемнің 90 елінен келген 6300-дей компания тіркелген. Платформа арқылы елімізге 27 млрд доллар инвестиция тартылды. Мемлекет басшысы Лаос кәсіпкерлері Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтем десе, біздің нарық тиімді құрал екенін жеткізді. Тараптар мәдени-гуманитарлық және туризм саласындағы перспективаларға баса назар аударды. Тхонглун Сисулит Қазақстанның Лаосқа маман даярлауда көрсеткен көмегін атап өтті.

ТХОНГЛУН СИСУЛИТ, ЛАОС ПРЕЗИДЕНТІ:

Лаостың жүздеген азаматы Қазақстандағы оқу орындарында білім алды. Бүгінде олардың көбі мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте, орталық және жергілікті деңгейде басшылық қызмет атқарады. Отандастарым студенттік жылдарда көмектесіп, қолдау көрсеткені үшін қазақстандықтарды жылылықпен еске алады. Олар қазақстандықтарды Лаоста қарсы алуға да, кездескен жерде ризашылығын білдіруге де дайын екені сөзсіз.

Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер Қазақстан мен Лаос серіктестігін одан әрі өрістетуге ниетті екендерін растады. Әсіресе, жоғары оқу орындары арасында тығыз байланыс орнату, академиялық алмасу мен бірлесе маман даярлауға ден қойды.