Ақтоғай кен орнында 1,5 миллион тонна мыс өндірілді. Бұл кәсіпорын іске қосылғаннан бергі нәтиже. KAZ Minerals компаниясының мәліметінше, оның 1 миллион тоннасы бірінші, 500 мың тоннасы екінші байыту фабрикасында алынған. Кәсіпорында өндірісті арттыру үшін жаңа технологиялар мен автоматтандыру жүйелері қолданылады.
Ақтоғай-1 фабрикасы 2017 жылы жұмысын бастады. Ал екінші фабрика төрт жылдан кейін іске қосылды. Қазір екі фабрикада да кенді өңдеудің негізгі жұмыстары автоматтандырылған. Өндірісте кенді ұсақтайтын, майдалайтын және одан мыс бөліп алатын ірі жабдықтар жұмыс істейді. Кен карьерден фабрикаға жеткізіліп, бірнеше кезеңнен өтеді.
ДӘУРЕН БАЙЖІГІТОВ, №1 БАЙЫТУ ФАБРИКАСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚЫЗМЕТ БАСТЫҒЫ:
Бір жарым миллион тонна мыс біз үшін үлкен нәтиже. Бұл көрсеткішке бүкіл ұжымның еңбегімен жеттік. Осы жылдар ішінде өндірісті жақсартып, жабдықтарды тиімді пайдалануды үйрендік. Қазір фабрика тұрақты жұмыс істеп тұр.
Ақтоғайда өндіріс көлемі соңғы жылдары да өскен. 2025 жылы мұнда 62,1 миллион тонна кен өңделді. Бұл кәсіпорын тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Екінші фабрика іске қосылған кезде бірінші фабрикада жұмыс істеген мамандардың тәжірибесі пайдаланылды. Ақтоғай-1 қызметкерлерінің бір бөлігі жаңа өндіріс орнына ауысып, әріптестеріне көмектесті.
АЛТЫНБЕК ЫСҚАҚОВ, №2 БАЙЫТУ ФАБРИКАСЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК ҚЫЗМЕТ БАСТЫҒЫ:
Бұл бүкіл ұжымның ортақ жетістігі. Әр бөлім өз міндетін дұрыс атқарғанда ғана өндіріс тұрақты жұмыс істейді. Қазір біз жаңа технологияларды енгізіп, жұмысты одан әрі жеңілдетуге тырысып жатырмыз.
Ақтоғайда жаңа технологияларды енгізу жалғасып жатыр, жасанды интеллектке негізделген жүйелер сынақтан өтуде. Ол өндіріс барысын бақылап, жабдықтардың тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі. Алдағы уақытта өндірісті жетілдіру, жабдықтарды жаңарту және автоматтандыруды дамыту жоспарланып отыр.