$455.86 €528.84 ₽5.25
×

Елімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтті

AstanaTV
03.09.2026ж. 19:00
Елімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтті

Елімізде алғаш рет Қазақ тазысы мен төбеті күні аталып өтті. Қиын қыстау кезеңде бір тазы бір ауылды асыраған деген дерек кездесетін. Ал бүгінде ұлттық тұқымның шетелдік көрмелер мен шырға тарту жарыстарында мерейі үстем болып жүр. Дала тарихынан тарихи құжатқа дейінгі кезең жайлы Сержан Айтжан айтсын.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Жазықта желмен жарысып, аңға шыққанда алдына қара салмайтын құмайдың қазақ үшін орны ерекше. Жүйріктігі мен алғырлығы оны аңшының ажырамас серігіне айналдырды. Сондықтан болар қазақ тазыны жай ғана ит деп емес, жеті қазынаның бірі деп бағалаған.

Көзіне ілінгенді тіске салмай қоймайтын шашақ құлақты қоян мен түлкіні қуып жетіп, құтылуға мүмкіндік бермейді. Ептілігі мен екпіні сай келсе, елікті де олжа қылады. Қарсы келсе қасқырға да қасқайып, саятшылықты қыздыратыны тағы бар.

РАУАН ТАҢАТЖАНҰЛЫ, ТАЗЫ ЖАНАШЫРЫ:

Еркіндікті сүйетін ит. Өзіміздің даламыздың қазағының жан дүниесі сияқты. Тазы да дәл солай. Еркіндікті сүйеді. Басқа иттерден айырмашылығы мысалы офчаркі иттерді кішкене дрисировкаларға тез бейімделеді. Тазының ол жағынан мінез-құлқыда кішкене еркіндеу. Күнде қасыңызда жүретін тазы далаға апарған кезде кішкене сізге ық бермей кетуі мүмкін. Еркіндік сезініп.

Қазақ тазысы жарғақ және шашақ құлақ болып екіге бөлінеді. Қазір елімізде 4 мыңға жуық тазы ресми тіркелген. Бойы 65-70 сантиметрге жетеді, жылдамдығына да сөз жоқ сағатына 50 шақырымға дейін жүйткиді. Ал нағыз аңшының тазысы қандай?

АЯН ДОСЫМАНОВ, ТАЗЫ ЖАНАШЫРЫ:

Құлағы осындай шашақ болып келеді. Тұмсығы ұзын болады. Ең бастысы негізі тазыны сынаған кезде біз жамбастан сынаймыз. Саусағың тиіп тұрса, бармағың демек бұл қанды тазы. Өзіміздің айналысып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Содан ата бабаларымыздан қалған мұра ғой.

СЕРІК АЛТАЕВ, «ASYL QAZYNA» ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Орыстың Борзыйына, грейге, хортыға қарағанда тазы аңды өзі іздеп, өзі көтеріп, өзі аулайды. Қазір міне 3 жыл болды. Үлкен деңгейге көтерілді.

Бүгінде Президенттің екі тазысы бар. Мемлекет басшысы ұлттық құндылықты дәріптеп, ұлттық тұқымды шетелдік қонақтарға да сыйға тартып жүр. Франция президенті Эмманюэль Макронға да қазақтың жүйрік иті табысталды. Димаш Құдайбергеннің де Ғарышкер атты тазысы бар. Бір кездері аңшының серігі болған тазы бұл күні дипломатиямен жалғасып, әлемдік аренада да мойындалып келеді.

БАУЫРЖАН СЕРІКҚАЛИ, ҚАЗАҚСТАН КИНОЛОГТАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстанның әр өңірінен келген 100 тазы іріктеліп келген тазыларды көрді, бағалады. Зерттеді. Тиісті өлшемдер жасады. Суретке түсірді, видеоға түсірді. Материалдың бәрін зерттеп, талдап, өзінің нәтижесін шығарды.

Осылай еткен еңбек ақталып, қазақы тұқымның төрге озған шағы келді.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Тазының тарихы қазақтың аңшылық тариххы ғана емес. Ол тіршілікпен біте қайнасқан тұрмыстың көрінісі.