$455.86 €528.84 ₽5.25
×

Олжас Бектенов Алматы облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды

04.09.2026ж. 11:04
Олжас Бектенов Алматы облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырды
фото: Үкімет

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов және Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр Алматы облысы мәслихаттары депутаттарының отырысына қатысты.

Роман Скляр депутаттарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевты ұсыну туралы хатын оқыды.

Жиынға 178 депутат қатысты. Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Шыңғыс Әріновтің кандидатурасын депутаттардың 83%-ы қолдады.

Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті Жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.

Өңір активімен өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов Марат Сұлтанғазиевке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Үкімет жетекшісі Алматы облысының активіне өңірдің жаңа әкімі Шыңғыс Әріновті таныстырды.

Жиында жаңа Конституцияның күшіне енуі елімізді одан әрі жаңғыртудағы маңызды жаңа тарихи кезеңнің бастауы болғаны атап өтілді. Үкімет алдында Мемлекет басшысы айқындаған мақсат экономиканың сапалы әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге қол жеткізу міндеті тұр.