$455.86 €528.84 ₽5.25
×

Әлеуметтік желідегі «жұмыс» 20 жастағы жігітті қылмыстық іске әкелді

Әлеуметтік желідегі «жұмыс» 20 жастағы жігітті қылмыстық іске әкелді
Фото: polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысында есірткі таратты деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Оның сөмкесі мен жалдамалы пәтерінен бір келіден астам есірткі және психотроптық зат тәркіленді.

Polisia.kz мәліметінше, ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктіні «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қолға түсірген.

Полиция мәліметінше, жас жігіт әлеуметтік желіден жұмыс туралы хабарландыру тауып, ұсынысқа келіскен. Кейін куратордың нұсқауы бойынша есірткі заттарын орап, жасырын орындарға дайындаумен айналысқан. Ол тыйым салынған заттарды өлшеп, орап, белгіленген жерлерге қалдырып отырған. Еңбекақысын криптовалюта түрінде алған.

Маусым айында күдікті Өскеменге келіп, қылмыстық әрекетін жалғастырған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер оның ізіне түсіп, сөмкесін тексерген. Оның ішінен қоңыр түсті зат салынған екі орама табылған. Кейін жалдамалы пәтеріне жүргізілген тінту кезінде тағы бірнеше орама, зип-пакеттер, изолента және электронды таразы тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 510 грамнан асатын α-PVP мен мефедрон, сондай-ақ 520 грамнан астам гашиш анықталған. Заңсыз айналымнан барлығы бір келіден астам есірткі және психотроптық зат тәркіленді.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желідегі «оңай табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға сақ болуға шақырады. Мұндай хабарландырулардың артында қылмыстық схема тұруы мүмкін.