Қазақстанда туризм саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы екі жылда салаға 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Қазір елімізде жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 328 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Шетелдік туристердің ағыны да айтарлықтай артқан. 2025 жылы Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келген. Оның 11,1 миллионы туристер санатына жатқызылды.
Ішкі туризм көрсеткіші де өсіп отыр. 2025 жылы ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтардың саны 8,7 млн адамға жеткен.
Қазақстан туризмнен қанша табыс тауып отыр?
2025 жылдың қорытындысы бойынша туризмнің экономикаға қосқан жиынтық үлесі 5 трлн теңгеге жетті. Салада жұмыс істейтіндер саны да көбейіп, 600 мың адамнан асты.
Инвестиция көлемі бірнеше жыл қатарынан өсіп келеді. 2023 жылы туризмге 787,3 млрд теңге салынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 947,5 млрд теңгеге жетті.
Ал 2025 жылы инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгені құрап, бір жылда 32,6%-ға артқан.
Қазір елімізде 328 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың толық жүзеге асуы 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңа жобалардың қатарында халықаралық Hilton және Mandarin Oriental желілерінің қонақ үйлері, сондай-ақ Oi-Qaragai тау курортын кеңейту жобасы бар.
Қазақстанға қай елдерден туристер көп келеді?
2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға 7 млн шетелдік турист келген.
Келушілер арасында Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр - 2,5 млн адам. Одан кейін Қырғызстан - 1,6 млн, Ресей - 1,5 млн.
Қытайдан келетін туристердің саны да айтарлықтай артқан. 2025 жылдың қорытындысында Қытайдан келгендер саны бір жылда 46,8%-ға өсіп, 960 мыңнан асты.
Ал 2025 жылы шетелдік қонақтардың Қазақстан аумағында жұмсаған қаражаты 2,9 млрд долларды құраған.
Туристер ең көп қай өңірлерге барған?
Қазақстан өңірлерінің арасында туристік ағын бойынша Алматы, Жетісу және Қызылорда облыстары жоғары көрсеткіш көрсеткен.
2025 жылы туристер саны:
Ішкі туризмде де өсім бар. Қазақстандықтардың ел ішіндегі саяхаттары 2023 жылғы 7,1 млн адамнан 2025 жылы 8,7 млн адамға дейін көбейген.
2026 жылдың бірінші тоқсанында орналастыру орындары 1,965 млн адамға қызмет көрсеткен.
Олардың ішінде ең танымал бағыттар:
Алматы таулы кластері - 509,3 мың турист;
Щучинск-Бурабай – 116,7 мың;
Маңғыстау - 53,3 мың;
Түркістан - 39,4 мың;
Алтай - 30,3 мың адам.
Туристік нысандарға жету оңайлай ма?
Үкімет туристік бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыруға да басымдық беріп отыр.
2026 жылы жалпы қолданыстағы 11 мың шақырым автомобиль жолы жөнделді.
Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде жаңа өңірлік туристік әуежайлар салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Балқаш әуежайы қайта жұмысын бастады. Үржардағы терминал жаңғыртылуда.
Жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий жағалауына аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылған.
Теміржол бағыттары да көбейтілді. Жазғы кезеңде 15 қосымша бағыт іске қосылып, оның ішінде Алакөлге қатынайтын 10 пойыз бар. Бұл 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орнын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Алматы тауларында не өзгереді?
Қазақстанның тау туризмін дамытуға да үлкен жоспар бар.
2026–2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді.
Алматы тау кластерінде 30 аспалы жол мен 161 шақырым тау-шаңғы трассасын салу жоспарланып отыр.
Ұзақ мерзімді мақсат - тау кластеріне жыл сайын 5 млн турист тарту.
Ұлттық парктерге келушілер көбейді
Туристердің қызығушылығы жағажай мен тау курорттарымен ғана шектелмейді. Экотуризм, автотуризм, агротуризм және этнотуризм де дамып келеді.
Ұлттық парктерге келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өскен.
2026 жылдың бірінші жартысында олардың қатарына тағы 1,7 млн келуші қосылды.
Қазір қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді.
Ал отбасылық туризмді дамыту үшін 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық табиғи парктерге тегін кіре алады.
Туристік бизнеске қандай қолдау көрсетіледі?
Мемлекет салаға инвестиция тартумен қатар, кәсіпкерлерді ынталандыру тетіктерін де кеңейтіп жатыр.
Шетелдік турист тартқан туроператорларға әр адам үшін 15 мың теңге субсидия беріледі.
Бұдан бөлек, автокөлік сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігі өтеледі. Балаларға арналған Kids Go Free бағдарламасы бойынша әуе билеттері субсидияланады.
Жол бойындағы сервистік нысандар мен санитариялық тораптар салуға, сондай-ақ тау-шаңғы базаларына қажетті техника сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктері де қарастырылған.
Туризм - экономиканың жаңа драйверлерінің бірі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің ел экономикасындағы рөлін арттыруды және Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын.
Бүгінде бұл бағытта инвестиция көлемі артып, жаңа қонақ үйлер мен туристік нысандар салынып, жол және әуе қатынасы кеңейіп келеді.
Ал туристер санының өсуі Қазақстанның ішкі және халықаралық туризм үшін тартымды бағытқа айналып келе жатқанын көрсетеді.