$456.56 €530.52 ₽5.28
×

«Әлем аруы - 2026» жеңімпазы анықталды: Қазақстан қандай нәтиже көрсетті?

«Әлем аруы - 2026» жеңімпазы анықталды: Қазақстан қандай нәтиже көрсетті?
Фото: istockphoto.com

Доминикан Республикасының өкілі Джохейрри Мола «Әлем аруы – 2026» халықаралық сұлулық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Биыл 75 жылдығын атап өткен байқаудың финалы алғаш рет Вьетнамда ұйымдастырылды.

24 жастағы Джохейрри Мола педагог әрі журналист болып жұмыс істейді. Сонымен қатар ол қоғамдық жобаларға атсалысады. Жеңімпазға тәжді былтырғы «Әлем аруы», Таиланд өкілі Опал Сучата Чуангсри табыстады.

Бірінші вице-мисс атағын Испания өкілі Элизабет Рейнес иеленсе, Малайзия атынан қатысқан Таанусия Четти екінші орынға тұрақтады.

Бұл – Доминикан Республикасының «Әлем аруы» тарихындағы екінші жеңісі. Елге алғашқы тәжді 1982 жылы Мариасела Альварес әкелген еді.

Биыл әлемнің әр түкпірінен келген 111 ару бас жүлде үшін бақ сынады. Төрт аптаға созылған байқаудың шешуші кезеңі Нячанг қаласында, теңіз жағасындағы ашық алаңда өтті.

Қазақстан намысын Miss Qazaqstan 2024 титулының иегері Бағым Балтабаева қорғады. 23 жастағы ару Өскемен қаласының тумасы. Ол Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Бағым Балтабаева халықаралық сахнаға арнайы әзірленген ұлттық образбен шықты. Киімнің негізгі символы ретінде аққу таңдалған. Бұл образ арқылы қазақ әйеліне тән сұлулық пен нәзіктікті, даналық пен ішкі қайсарлықты көрсету көзделген.

Дегенмен қазақстандық ару байқаудың үздік 40 қатысушысының қатарына өте алмады.

«Әлем аруы» байқауы тек сыртқы сұлулықты бағалаумен шектелмейді. Қатысушылар бірнеше апта бойы түрлі сыннан өтіп, өз елінің мәдениетін таныстырып, әлеуметтік бастамаларын ұсынды.

Соның ішінде байқаудың маңызды бағыттарының бірі – Beauty With a Purpose бағдарламасы. Оның аясында арулар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын таныстырды.

Биыл бұл аталымда Малайзия өкілі Таанусия Четти үздік деп танылды. Ол негізгі байқауда да жоғары нәтиже көрсетіп, екінші орын иеленді.