$456.56 €530.52 ₽5.28
×

Биыл Қорғалжынға 6,5 мыңнан астам қоқиқаз ұшып келген

AstanaTV
07.09.2026ж. 19:00
Биыл Қорғалжынға 6,5 мыңнан астам қоқиқаз ұшып келген

Биыл Қорғалжынға 6,5 мыңнан астам қоқиқаз ұшып келген. Өңірде құстың 365 түрі мекендесе, аудан аумағында 84 көл бар. Осындай табиғи байлықты көруге жыл сайын 2 мыңнан астам қонақ келеді. 

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Бұл – Қорғалжын айдынын қызғылт түске бояған қоқиқаздар. Мыңдаған шақырымды артқа тастап, қанатты қонақтар ұрпақ өрбіту үшін дәл осы мекенге келеді. Қорық көлдері – фламинголардың жер шарының солтүстіктігінде орналасқан ең шеткі тұрағы. Сондықтан болар, қызғылт керуенді көруге келген турист те, тұрғын да көп.

Иә, табиғаттың төл туындысын тамашалағысы келгендер елдің әр өңірінен тіпті шекара асып шетелден де кеп жатыр.

СТЕФАН ЭРИКССОН, ШВЕЦИЯ КОРОЛЬДІГІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Бүгін мен үшін керемет күн болды. Қоқиқаздар көріп, сұлулықтың куәсі болдық. Ұшқанын да, көл бетіндегі көрінісін де тамашаладық. Болашақта Қазақстанның жануарлар дүниесімен тереңірек танысамын деген ойдамын.

АЛЕШКА СИМКИЧ, ЕУРООДАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

Менің Қазақстанда тұрып жатқаныма екі жылдан асты. Бірақ Қорғалжынға бірінші рет келуім. Қоқиқаздар мен ақбөкендерді көру арманым болды. Міне бүгін бір арманым орындалды. Фламинго өте әдемі екен. Қарасаң көз тоймайды.

Қорғалжын қорығы турист үшін таңсық, ал өнерпаз үшін шабыттың мекені. Қоқиқаздардың қанатымен бірге ұлттық өнер де қалықтап, екінші жыл қатарынан «Flamingo Fest» фестивалі өтіп жатыр. Қолөнер шеберлері, өнерпаздар мен суретшілер сұлулықты суреттеуге өзінше үн қосты.

БИБІАЖАР ОРАҚБАЕВА, СУРЕТШІ:

Қызғылт сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ біз түсті беретін кезде әртүрлі шағылыстармен байланыстырамыз. Мысалы, суға қарайтын болсаңыздар, фламингоның түсі осыған шағылысады. Біз қызғылт түс деп ойлаймыз. Бірақ оған аспен мен жердің және күннің сәулесі түсіп, басқаша түстер береді.

Туристер саны артса, қазынаға түсер қаржы да көбейеді. Бірақ қонаққа қолайлы жағдай жасау керек. Табиғаты қаншалықты тамаша болса да, жол жөнделмесе жұрттың жетуі қиындайды.

АЛМАС АЛИН, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Біз осы фестиваль арқылы қаншама шетелдік азаматтарды шақырып, туристтерді шақырып өзімізідің ішкі туризмді дамытқымыз келеді. Қорғалжын ауданында білесіздер 365 құстың түрі мекен етеді. Оның ішінде фламинго өте көп келетін мекен. 84 көл бар осы мекенде. Осының бәрі біздің туристтер үшін өте қызық.

Қорғалжынның құшағы – қонаққа, көкжиегі – саяхатқа ашық. Қорықта көл бетін қызғылт қанатына бөлейтін қоқиқаздардан бастап, сайын даладағы сан алуан құсқа дейін табиғаттың талай тылсымы тоғысқан.