$456.56 €530.52 ₽5.28
×

БҚО-да «Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

07.09.2026ж. 19:00
БҚО-да «Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Батыс Қазақстан облысында «Мен оқыған 30 кітап» І республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Екі жыл бұрын Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Кітап оқитын ұлт» қалыптастыру – уақыт талабы екенін атап өткен еді. Президенттің бұл бастамасы бүгінде күллі ел көлемінде кеңінен қолдау тапты.

Үш жылдан бері Қазталов ауданында өткізіліп келе жатқан байқау биыл тұңғыш рет республикалық деңгейге көтерілді. Мұндағы мақсат - жас ұрпақты кітапқа жақындату, рухани құндылықтарды дәріптеу. Сайысқа Қазақстанның әр өңірінен 30 оқушы қатысты.

ДАРИҒА МҰШТАНОВА, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ "АЛАШ" СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

Байқауға қатысушы балаларды көрудің өзі бір ғанибет. Өңкей ақылды балалар. Тек сол 30 кітапты оқып келгеннің өзінде олардың көздерінде нұр, жандарында сәуле тұр. Болашақта қанда азамат болатынын шамалап, одан сайын қуана түсесің. Болашақта біздің қоғамымыздың келбеті өзгереді. Кітап оқыған қоғамның сипаты басқаша болады. Ол бүгінгіден жоғары деңгейге міндетті түрде көтеріледі. Кітап оқыған бала ешқашан қор болмайды, кітап оқығаннан қор болмайды.

Аудандық және облыстық кезеңдерден сүрінбей өткен қатысушылар қорытынды тестілеуден өтіп, үздіктері анықталды.

ЖАНСАЯ ХАЙРУЛЛА, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Маған өте күшті әсер берді. Мен осы кітаптан кейін өзім де біршама 30 шақты кітаптар оқып тастадым. Бәрі осы 30 кітаптың арқасында болды. Қазіргі шақта барлық адамдар телефонға ұмтылған, яғни, соған көп зейін қойып кеткен. Ал 30 кітап байқауы арқылы адамдардың көкірегі оянып, көзі ашылып, білімге қарай ұмтылады.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлде - 1 миллион теңге Қазталов ауданының намысын қорғаған Жансая Хайруллаға бұйырды. «Миллионер оқушы» атанған жас дарын – көпке үлгі. Қалған қатысушылар да арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Байқау келер жылы да жалғасын табады.