Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» атты жинағы талқыланды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек модераторлық еткен алқалы жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен жастар қатысып, жаңа басылымның маңызын жан-жақты сөз етті. Басқосуда Президенттің ел дамуына қатысты байыпты пайымдары мен ой-толғамдары жоғары бағаға ие болды.
Мемлекет басшысының бұл еңбегі – елдік пен бірліктің, әділдік пен жауапкершіліктің темірқазығына айналған маңызды басылым. Әсіресе, ұлт болашағын ойлаған өскелең ұрпаққа бағдар берер бұл жинақ қоғамдағы өзекті мәселелерге жауап тауып, жастардың дүниетанымын кеңейтуге айрықша үлес қосады. Кітаптың басты құндылығы да – өмір сынынан өткен нақты тәжірибе мен өсиеттердің өскелең буынға жол көрсетуінде.
МҰХТАР ТӨЛЕГЕН, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР:
Президентіміз айтып отыр: "Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Олар бір-бірінен ажыраса, береке де, үйлесімділік те болмайды" дейді. Сондықтан да біз барынша осы кітаптың ішінен Президентіміздің жүріп өткен жолында қалыптастырған тәжірибесінен алынған өмір сипаты, қанатты сөздері әрқайсысы маңызды деп ойлаймыз.
Бұл еңбек -өскелең буын үшін тек оқып қана қоятын кітап емес, санаға сіңірер өмірлік бағдаршам. Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді оятып, еңбексүйгіштікке баулитын жинақтың тәрбиелік мәні айрықша.
МЕРЕЙ АСҚАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл кітаптан түйетін нәрсе көп. Оқимын деген азаматқа, әрбір жолдарында адам бойындағы патриоттықты насихаттайтын, патриоттық рухты көтеретін және де шынайы еңбек жолында өзіңнің еңбегіңді адал атқаруға үгіттейтін кітап деп мен өз ойыма түйдім.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, еңбек адамының мәртебесі мен патриоттық тәрбиені күшейту бағытында өз ұсыныстарын ортаға салды. Мазмұнды жинақ өскелең ұрпақтың саналы, әрі отансүйгіш болып қалыптасуына үлкен жол ашатыны атап өтілді.