Алматының Алатау ауданында жеке тұрғын үй өртенді. Тілсіз жау оған жақын аумақтағы нысандарды да шарпыған. Баспанасынан айырылған тұрғындар не істерін білмей отыр.
ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:
Тұрғындардың айтуынша, өрт осы жерде тұтанған. Мұндағы ағаштар түгел жанып кеткен. Жалын әп-сәтте жақын маңдағы үйге де тарап, баспананы күлге айналдырды.
Жұрттың сөзінше, жалынның таралуына құрғақ шөп пен ағаштар әсер еткен. Бүтін бір отбасы далада қалды.
ҚАЙРАТ МҰҚАШЕВ, ТҰРҒЫН:
Әбден уже мына жаққа келіп тиген кезде бірақ білдік. Пожарныйды шақырдық, келді. Пожарныйдың екеуінде бірдей су жоқ. Жылда өртенеді осы жақ. Енді міне мен баспанасыз қалдым десем де болады. 15 минутта жанып кетті мынаның бәрі. Ал енді түнде далада қондық бала-шағам, үш немереммен.
СОВЕТКҮЛ ӘЛДІБАЕВА, ТҰРҒЫН:
Бұл жотадан неше рет өрт шықты, неше рет пожарный шақырдық, өзіміз де өшіріп алған күндеріміз болды. Акиматқа да айтып жатырмыз бір жағдай жасаңыздар деп. Бізді ешкім тыңдамайды. Бұл бірінші рет емес бірнеше рет. Алдыңғы жылы тағы осылай үйге кетіп қала жаздаған, ол кезде әйтеуір өшіріп үлгергенбіз. Пожарный келгенше халық жабылып жатып.
Тұрғындардың айтуынша, бұл жотадағы өрт қаупі бұрыннан бар. Жыл сайын құрғақ шөп тұтанып, жалын үйлерге жақындайды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, тілсіз жау 200 шаршы метр аумақты шарпыған.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Сонымен қатар 500 шаршы метр аумақта құрғақ шөп жанған. Оқиға орнынан көлемі 25 литр болатын 2 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Сағат 15:04-те өрт толықтай сөндірілді. Оқиға орнына ТЖД-дан 47 қызметкер және 11 техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі анықталуда, арнайы өрт-техникалық зерттеу тағайындалды.
Тұрғындар әкімдіктен бұл ағаш егілген аумақты олардың тұрақтарынан бөлу үшін арық қазып беруді сұраған көрінеді. Алайда жауаптылар арықтар мен траншеяларды өртке қарсы тосқауыл ретінде пайдалану олардың функционалдық міндетіне кірмейтінін айтып отыр.