$456.89 €531.36 ₽5.32
×

Қазақстан Парижде өтіп жатқан Халықаралық ғарыш саммитіне қатысуда

Қазақстан Парижде өтіп жатқан Халықаралық ғарыш саммитіне қатысуда
Фото: gov.kz

Париждегі Гран-Пале сарайында Халықаралық ғарыш саммиті өз жұмысын бастады. Франция Президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен ұйымдастырылған бұл ауқымды іс-шараға 120-ға жуық шетелдік делегация қатысып жатыр. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, ғарыш агенттіктерінің жетекшілері, ғалымдар, әскери қызметшілер, ғарышкерлер және бизнес өкілдері бар.

Саммитте бүгінде әлемдік ғарыш саласының даму бағытын айқындайтын негізгі мәселелер талқылануда. Атап айтқанда, ғарыш кеңістігінің қауіпсіздігі және орбитадағы қақтығыстардың алдын алу, ғарыш экономикасының қарқынды дамуы және жаңа технологиялар үшін бәсекелестік, орбиталардың шамадан тыс жүктелуі мен ғарыш қоқысының көбеюі, сондай-ақ адамзаттың ортақ игілігі саналатын ғарышты жауапты пайдаланудың халықаралық ұстанымдары қарастырылуда. Сонымен қатар Ай мен Марсты зерттеу және жас ұрпақты ғарыш жобаларына тарту мәселелеріне де ерекше назар аударылған.

Саммитте Қазақстанның атынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысуда.

Бүгінде Қазақстан заманауи ғарыш саласын дамытып жатыр. Орбитада Жерді қашықтан зондтауға арналған үш қазақстандық спутник: KazEOSat-1, KazEOSat-2 және KazSTSat жұмыс істеп тұр. Ал KazSat-2/KazSat-3 ұлттық жүйесі еліміздің аумағын спутниктік байланыс және хабар тарату қызметтерімен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жүйені жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде KazSat-3 спутнигін жаңа KazSat-3R аппаратына ауыстыру көзделген.

Астанада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені жұмыс істейді. 2026 жылғы 30 сәуірде Байқоңырдағы «Бәйтерек» ғарыш-ракеталық кешенінен «Сұңқар» («Союз-5») зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды.

2030 жылға қарай Қазақстан Жерді қашықтан зондтаудың халықаралық спутниктік тобын құруды жоспарлап отыр. Оның құрамында алты қазақстандық спутникпен қатар Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерияның аппараттары болады. Бастапқыда тоғыз спутниктен тұратын топтаманы кейін 14 спутникке дейін кеңейту жоспарлануда.

«Қазақстанның ғарыш саласының тарихы өте бай. Дәл осы Байқоңырдан адамзаттың ғарышты игеру дәуірі басталды. Бүгінде біздің міндетіміз – осы мұраны негізге ала отырып, заманауи әрі технологиялық тұрғыдан дербес ғарыш саласын дамыту. Біз Жерді қашықтан зондтау спутниктерін әзірлеуден бастап, ғарыш техникасын құрастыру мен сынауға дейінгі бағыттарда өз құзыреттерімізді жүйелі түрде күшейтіп келеміз. Сонымен қатар біз өзара тиімді әрі тең дәрежедегі әріптестікке дайынбыз. Бұл Жерді қашықтан зондтау бойынша бірлескен жобалардан бастап, өңірдегі көршілес елдер үшін спутниктер жасауға дейінгі ауқымды қамтиды», – деді Жаслан Мәдиев.

Саммит аясында шетелдік әріптестермен бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған. Кездесулер барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту, технологиялар алмасу және ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланады.