Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астанада Сирия мәселесі бойынша кепіл елдердің сыртқы істер министрлері бас қосты

AstanaTV
16.03.2018ж. 20:00
4186
Астанада Сирия мәселесі бойынша кепіл елдердің сыртқы істер министрлері бас қосты

Астана келіссөзінің келесі 9-шы кезеңі 14-15 мамырда өтеді деп жоспарланды. Ал, Сириядағы ахуалды тұрақтандыру үшін жаңа қадамдар қабылдануы керек. Бұл туралы сыртқы ведомство басшысы Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Бүгін Сириядағы жағдайды реттеуге бағытталған Астана процесіне қатысушы кепіл елдердің сыртқы істер министрлері Астанада бас қосты. Қазақстан тарапы Ресей мен АҚШ-ты Сирияға қатысты конструктивті диалог құруға шақырды. "Елордада қол жеткен келісімдер қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтиже беруі  тиіс", - деп ескертті Қайрат Әбдірахманов. 

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын бұл келіссөздер 2011 жылдан бері қарулы қақтығыстың зардаптарын тартып келе жатқан Сирия тұрғындарының бейбіт өмірге қайта оралуына үлкен мүмкіндіктер ашып, ондағы зорлық-зомбылық пен соғыс амалдарының ауқымын айтарлықтай төмендетті.

Былтыр қаңтарда Астанада басталған жоғары деңгейдегі келіссөздердің бүгінге дейін 8 кезеңі өткізілді. Ал Ресей сыртқы ведомствосының басшысы сергей Лавров Астана процесінің Сирияда бейбітшілікті орнатудағы маңызды рөлін атап өтті.

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:

Астана процесінің басталуымен Астана халықаралық деңгейде күн тәртібінде тұрған Сириядағы өткір жағдайды реттеу бойынша маңызды алаңға айналды. Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан астанасының аты шыққан кезде, миллиондаған сириялықтар Астана жаққа қарай бір үмітпен қарайды. Ресей, Иран және Түркиямен құрылған Астана форматы өзінің қажеттілігін дәлелдеді.