«Әділет» партиясы Отбасы күніне орай Қазақстанның барлық өңірінде бірқатар акция өткізді. Өңірлерде партияластар көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті, отбасылық турнирлер ұйымдастырып, еңбек әулеттеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды Astana TV «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең алдымен, қолдауды ерекше қажет ететін отбасыларға көмек көрсетілді. Атырау облысында 32 көпбалалы отбасына азық-түлік себеттері табысталды. Сондай-ақ балаларға арналған зияткерлік ойындар, спорттық эстафеталар ұйымдастырылып, бүлдіршіндер ойын-сауық орталықтарына барды.

Жетісу облысында тағы 40 отбасыға қолдау көрсетілді. Алматыда партия Әйелдер қанатының белсенділері Алатау, Әуезов және Алмалы аудандарында тұрып жатқан отбасыларға барды. Партияластар азық-түлік себеттерін табыстап қана қоймай, тұрғындармен тұрмыстық және әлеуметтік мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды.
Батыс Қазақстан облысында Отбасын қолдау орталығының қамқорлығындағы азаматтарға көмек көрсетілді. Партия өкілдері балаларға азық-түлік өнімдері мен ақыл-ойды дамытуға арналған ойыншықтар табыстады. Сондай-ақ өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдармен күн сайын жұмыс істейтін орталық мамандарымен кездесті.
Ерекше білім беруді қажет ететін бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да айрықша назар аударылды. Павлодар облысында партия Әйелдер қанатының өкілдері ата-аналармен кездесіп, медициналық көмек көрсету және әлеуметтік тұрғыда қорғау мәселелерін талқылады. Кездесу барысында айтылған ұсыныстарды жинақтап, заңнамалық бастамаларды одан ары пысықтау жоспарланып отыр.
Петропавл қаласында ерекше қажеттілігі бар 50 бала мен олардың ата-аналарына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оның барысында балаларға арналған шығармашылық бағдарлама әзірленді. Ал ата-аналар қауымы әлеуметтік тренингтерге қатысты.
Отбасы күні мерекесі салт-дәстүрді сақтап, оны кейінгі ұрпаққа аманат етіп келе жатқан қазақстандық отбасылар туралы кеңінен айтуға да мүмкіндік берді.
Абай облысында партия мүшелері Әубәкіровтер отбасымен кездесті. Үш бала оқуын спортпен және шығармашылықпен қатар алып жүріп қана қоймай, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Ұлытау облысы Жезқазған қаласында металлургтердің еңбек әулеті атанған Әйтеновтерге құрмет көрсетілді. Бұл отбасы мүшелерінің өндірістегі жалпы еңбек өтілі 520 жылдан асып отыр. Ал Қызылорда облысында көпбалалы аналар мен «Алтын алқа» төсбелгісі иегерлері құрметке бөленді. Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезең жеңімпаздары марапатталды.
Тағы бір бағыт – отбасылық спорттық және білім беру іс-шаралары. Мәселен, Қостанай қаласында «Шахматтық вертикаль: мектеп және отбасы» турнирі өтті. Жамбыл облысында балалар мен ата-аналар аудандық эстафетаның жарыс жолына бірге шықты. Ақмола облысында партияластар түрлі отбасымен кездесіп, оларды арнайы құттықтады.

Шымкентте Отбасы күні мерекесі болашақ туралы пікір алмасуға арналды. Салалық колледж алаңында сарапшылар қауымы студенттермен жүздесіп, жауапты ата-ана атану, отбасылық құндылықтарды сақтау және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мәселелерін талқылады. Бүгінде мегаполисте шамамен 58 мың көпбалалы ана тұрады.
Өңірлерде өткізілген кездесулер барысында партияластарға келіп түскен барлық ұсыныс пен өтініш заңнамалық бастамалар мен қолдау шараларын әзірлеу кезінде ескеріледі. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасады.



