$450.91 €522.69 ₽5.33
×

Өңірлерде жаңа әлеуметтік, медициналық, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандар ашылды

14.09.2026ж. 08:02
Өңірлерде жаңа әлеуметтік, медициналық, инфрақұрылымдық және өндірістік нысандар ашылды
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында еліміздің өңірлерінде әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту, денсаулық сақтау саласын жаңғырту, ауылдық елді мекендерді қолдау және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Осыған орай, ел өңірлерінде бірқатар маңызды нысандар мен жобалар іске қосылды.

Қарағанды облысының Осакаров ауданында «Евразия Инвест LTD» компаниясының ірі сүт-тауар фермасының бірінші кезеңі іске қосылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 30 млрд теңгеден асады. Бірінші кезең 1,2 мың бас сауын сиырға есептелген. Барлық кезең аяқталғаннан кейін сиыр саны 6 мың басқа жетеді, ал жалпы мал басы 15 мыңнан асады.

Түркістан қаласында заманауи вирусологиялық зертхана ашылды.Зертхананың іске қосылуы өңірдің диагностикалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуде. Бұған дейін Түркістан облысында мамандандырылған вирусологиялық зертхана болмағандықтан, зерттеуге арналған биологиялық сынамалар еліміздің басқа өңірлеріне жіберілетін. Нысанның ашылуы диагностикалық зерттеулердің мерзімін едәуір қысқартуға және халық үшін зертханалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылында төрт қабатты аудандық диагностикалық орталық пайдалануға берілді. Жаңа орталықта ультрадыбыстық диагностика (УДЗ), фиброгастродуоденоскопия (ФГДС), электрокардиография (ЭКГ), маммография, флюорография және рентгенодиагностика кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ биохимиялық зерттеулер жүргізуге арналған кабинеттер қарастырылған.

Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен сатып алынған екі заманауи жылжымалы медициналық кешенмен толықты.

Бір кешенде компьютерлік томограф, екіншісінде цифрлық маммограф және сараптамалық деңгейдегі УДЗ аппараты орнатылған.

Түркістан облысында «Сарыағаш» теміржол вокзалында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Вокзалдың аумағы 449,1 шаршы метрден 558,5 шаршы метрге дейін ұлғайтылды, ол тәулігіне шамамен 150 жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген.

Жетісу өңірінде облыстық маңызы бар «Талдықорған – Үштөбе» күрежолының ұзындығы 42 шақырым болатын учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Аталған жұмыстар мамыр айында басталып, белгіленген мерзімнен екі ай бұрын аяқталды.

Қарағанды облысында геологиялық барлауға арналған «ЖаңаLAB» зертханалық-талдау кешені де ашылды. Құны шамамен 9 млрд теңге болатын жобаны Solidcore Resources компаниясы «Сарыарқа» АЭА-да жүзеге асырды. Зертхана жылына 200 мыңға дейін сынама жүргізуге есептелген және геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға, зерттеу нәтижелерін алу мерзімін қысқартуға әрі шамамен 150 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Абай облысының Бесқарағай ауданында өрт сөндіру стансасы ашылды.Бұл – өңірдегі орман қоры ең ауқымды аудандардың бірі. Оның аумағында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының алты филиалына қарайтын 390 мың гектар орман орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде отбасылық демалысқа және спортпен айналысуға арналған, аумағы 16 мың шаршы метрге жуық жаңа сквер ашылды. Құны 470 млн теңгеден асатын нысан тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, бұрын абаттандырылмаған сайдың орнына салынды. Скверде балалар алаңы, воркаут аймағы, футбол алаңы, ашық аспан астындағы тренажерлер мен серуендеу жолдары қарастырылып, жарық жүйесімен қамтылған.

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданындағы Құлынжон ауылында жаңа мектеп-интернат пен спорт кешені ашылды. Бұл нысандар шалғай елді мекендерден келген балалардың білім алуына, тұруына және спортпен айналысуына қосымша жағдай жасайды.