$450.91 €522.69 ₽5.33
×

Қазақстан мен Kyungdong Pharmaceutical өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

14.09.2026ж. 10:33
Қазақстан мен Kyungdong Pharmaceutical өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
Фото: ДСМ

Бүгін Мемлекет басшысының Корея Республикасына сапары аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Kyungdong Pharmaceutical компаниясының бас директоры Ким Кён Хун мырзамен кездесті.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Kyungdong Pharmaceutical компаниясы фармацевтика саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстанда дәрілік заттар өндірісін оқшаулау, технологиялар трансфері, келісімшарттық өндіріс және бірлескен өндірістік жобаларды құру мәселелерін талқылады.

Министр Қазақстанның фармацевтика өнеркәсібін денсаулық сақтау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде ғана емес, сонымен қатар инвестиция тартудың, отандық өндірісті дамытудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың перспективалы бағыты ретінде де жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның фармацевтикалық нарығының көлемі шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады. Фармацевтикалық өнім өндіруге салынған инвестициялар көлемі 142,8 млн АҚШ долларына, ал экспорт көлемі 84 млн АҚШ долларына жетті.

Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанда отандық өндіріс өнімдеріне ұзақ мерзімді кепілдендірілген сұранысты қамтамасыз ету тетіктері, ірі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ өндірілген өнімді ЕАЭО және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің нарықтарына одан әрі шығару мүмкіндіктері қарастырылған.

Реттеуші ортаны жетілдіруге де ерекше назар аударылды. 2026 жылғы ақпанда Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық реттеу жүйесінің кемелдену деңгейінің 3-деңгейіне қол жеткізді. Осылайша, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші және ДДҰ-ның Еуропалық өңірі елдері арасында бұл деңгейге жеткен төртінші мемлекет атанды.

Алдағы жұмыстың ықтимал модельдері ретінде келісімшарттық өндіріс, өндірісті кезең-кезеңімен оқшаулау және бірлескен өндірістік кәсіпорын құру қарастырылуда.

Қол қойылған Меморандум тараптардың жалпы уағдаластықтардан фармацевтика саласындағы нақты инвестициялық және өндірістік жобаларды іске асыруға көшу ниетін бекітеді.