$447.88 €516.58 ₽5.29
×

Ғылымға бөлінген қаржының қайтарымы қандай?

Ғылымға бөлінген қаржының қайтарымы қандай?
Фото: Kuryltai.resmi

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы Фракциясының мүшесі Тілектес Адамбеков ғылымға бөлінетін бюджет қаражатының нақты экономикалық қайтарымын бағалау қажеттігін көтерді, деп хабарлайды AstanaTV.

Депутат Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолдаған сауалында соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі айтарлықтай артқанын атап өтті.

«Соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге ұлғайған», – деді Тілектес Адамбеков.

Сонымен қатар 2025 жылы 241 инновациялық жоба іске асырылып, 1 200-ден астам зерттеу аяқталған. Алайда депутаттың айтуынша, жобалар саны мен қаржыландыру көлемі ғана емес, олардың экономикаға беретін нақты нәтижесі де маңызды.

«Зерттеу жұмыстарының шамамен 80 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды», – деді ол.

Осыған байланысты Құрылтай депутаты ғылымға бағытталған әрбір теңгенің қанша экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелгенін нақтылауды сұрады.

«Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражаты қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді?» – деді депутат.

Сондай-ақ Тілектес Адамбеков өндіріске енгізілген, коммерцияланған және жеке инвестиция тартқан ғылыми жобалардың үлесі туралы ақпарат беруді сұрады.

«Қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсетеді, ал қай бағыттар практикалық нәтижелердің жоқтығымен сипатталады?» – деді ол.

Депутат бұл мәселелерге нақты талдау жүргізу ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты күшейтіп, мемлекеттік қаржының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.