Электромобиль шығаратын қазақ корей компаниясы құрылады. Бұл жобаны мемлекет басшысы Кореядағы саммитте ұсынды. Технологияны ұршықша иірген мемлекет үшін аса маңызды 10 минерал біздің елде кездеседі. Енді Қазақстан шикізатты экспорттап қана қоймай өңдеу ісінде қолға алады. Екі ел арасындағы байланыстың келесі кезеңі қандай болады? Сержан Айтжан айтсын.
Таңғы шық елінің Kia, Hyundai, Samsung секілді технология мен көлік өндірудегі алпауыт компаниялары отандық нарықта табысты жұмыс істеп келеді. Бүгінде экология мен экономиканы қатар ойлағандар электромобиль тізгіндеп жүр. Ал бұл тоқпен жүретін көлік өндіретін елге айналу жаңа нарыққа жол ашады. Мемлекет басшысының Кореяға сапары аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард долларға бағаланған коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Былтыр елімізде іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты бұған жарқын мысал бола алады. Кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығарады.
Қазақстан транзиттік әлеуетін арттырып, жүк тасымалы көлемін 100 миллион тоннаға жеткізуді көздейді. Азиядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын жаңа логистикалық тізбек қалыптастыруда Пусан порты мен Каспий айлағының байланысы аса маңызды. Сонымен бірге геологиялық барлау және жер қойнауындағы жаңа кеніштерді игеру бағытында ықпалдастық аясын кеңейту де жолға қойылады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Елімізде 33 миллиард тоннаға жуық көмір қоры бар, ал көмірден алынатын қуат электр энергиясы өндірісінің 60 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Сондықтан «таза көмір» технологиясын енгізуге айрықша басымдық береміз.
Қос ел жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты да кеңейтпек. Елімізде Alem.ai халықаралық орталығы ашылып, суперкомпьютерлер мен жасанды интеллект университеті іске қосылды. Қазір Кореяның жетекші оқу орындарымен бірлескен жобалар да жүзеге асырылып келеді. Ал Алатау қаласында ашылатын Кейст филиалы осы серіктестіктің жаңа бағыты болмақ. Сондай-ақ, Келесі жылы корейлерді Орталық Азияға жер аударғанына 90 жыл толуына орай тарихи іс-шара өткізу бастамасы көтерілді.