$444.88 €513.26 ₽5.28
×

«Әділет» партиясының өкілдері Шортанды және Ақкөл аудандарының тұрғындарымен инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады

«Әділет» партиясының өкілдері Шортанды және Ақкөл аудандарының тұрғындарымен инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады
«Әділет» партиясы

Құны шамамен 1,7 миллиард теңгені құрайтын жоба мемлекеттік сараптамадан өтті

«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Ақмола облысы Шортанды және Ақкөл аудандарының тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді. Тұрғындар партия өкілдерімен инфрақұрылым, сумен қамту, жылумен қамтамасыз ету, білім беру және қауіпсіздік мәселелерін тікелей талқылау мүмкіндігіне ие болды, – деп хабарлайды AstanaTV.

Оған Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева, «Әділет» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов, консультанттар және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Шортанды ауданында әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылым мәселесі негізгі тақырыпқа айналды. Шортанды кентінің тұрғындары Северная көшесінде теміржол арқылы өтетін автокөлік көпірін салуды сұрады. Құны шамамен 1,7 миллиард теңгені құрайтын жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. 

Сондай-ақ шортандылықтар көппәтерлі тұрғын үйлерді орталық қазандыққа қосу мәселесін қозғады. Нысанның және жылу желілерінің жұмыс жобасын қараша айына дейін аяқтау жоспарлануда. Жолымбет кентінде де осыған ұқсас мәселе бар. Мұнда 50 үйге арналған қазандық құрылысына 2,7 миллиард теңгеден астам қаражат қажет.

Білім беру инфрақұрылымына қатысты мәселе де өзекті болып отыр. Бозайғыр ауылында 300 орындық мектеп салу жоспарлануда. Бүгінде оған қажет инженерлік желілер жобалануда. Сонымен қатар кездесуге қатысушылар Мықтыкөл, Төңкеріс және Жолымбет ауылдарындағы мектептерді жөндеуді сұрады.

Тұрғындар өңірдегі өзге де қажеттіліктер ретінде Бозайғыр ауылында өрт сөндіру депосы мен мәдениет үйін салу, сондай-ақ Егемен және Гуляй-Поле ауылдарындағы су құбыры желілерін жаңарту мәселелерін атады.

Дамса ауылдық округін сумен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұнда «Основная» бөгетін қайта жаңғырту және тазарту жұмысын жүргізу қажет. Су айдынын тазалауға шамамен 1 миллиард теңге, ал шлюз қақпаларын жаңартуға тағы 1,2 миллиард теңге қажет.

Ақкөл ауданының тұрғындары абаттандыруға, жолдардың және әлеуметтік нысандардың жағдайына қатысты мәселелерге баса назар аударды. Айтылған барлық ұсыныс алдағы уақытта бақылауға алу мақсатында тіркелді.

Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, көшпелі формат жергілікті жерлердегі мәселелерге терең зер салуға мүмкіндік береді. Ол тұрғындармен ашық диалог орнатудың аса маңызды екенін мәлімдеді.

«Көп мәселе мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Біздің міндетіміз – тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асып қана қоймай, әрбір өтінішті жан-жақты зерделеп, оның одан ары шешілу барысын қадағалау», – деді Әлия Садырбаева.

Берген Беспалинов тұрғындардың өтініштері ең өзекті қажеттіліктерді айқындайтынын атап өтті.

«Тұрғындар күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселелерді көтеріп отыр. Әрбір өтініш бойынша мазмұнды кері байланыс жасалуы маңызды. Біз жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жүргізу жұмысын жалғастырамыз», – деп түйіндеді филиал төрағасы.

Қабылдаулар барысында келіп түскен барлық өтініш бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бірқатар мәселені шешу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінімдер берілді. «Әділет» партиясы бұл бастамалар толық жүзеге асырылғанға дейін сүйемелдеу ісін жалғастырады.