$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйлердің төбесінен су кетті

AstanaTV
19.03.2018ж. 20:00
3581
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйлердің төбесінен су кетті

Ал Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйлердің төбесінен су сорғалап тұр.  "Нұр Ақтөбе" шағын ауданындағы үйлердің жоғарғы қабатында тұратындар еріген қар суымен алысып әлек. Ал үй басқарушы компанияның өкілдері жөндеу жұмыстарын жүргізбейміз деп отыр. Пайдалануға берілгеніне 4 жыл ғана болған баспанадағы мәселемен танысқан Жақсыбек Кемал тақырыпты жалғастырады.

Ақтөбе тұрғыны Мақпал Болатова бір бөлмелі пәтерді мемлекеттен сатып алу құқығымен 6 жылға жалға алған. Ай сайын 40 мың теңге төлеп отыр. Алайда баспанамыз бұл ақшаға сай емес дейді. Өзі күні-түні еріген қар суымен алысып жүр. 

Мақпал Болатова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мен жыл сайын арыз жазамын. Бірақ нәтиже жоқ. Жасаймыз деп уәде береді де қояды. Жаңа да барып келдім. Енді алдағы екі аптада нақты жауап бермесе, сотқа жүгінемін.

Жаннұр да екі бөлмелі пәтерді үш жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы алған. Дегенмен қуанышы ұзаққа созылмағанын айтып күйінді. Алғашқы жауында-ақ төбелерінен сорғалап су аққан.

Соңғы үш тәуліктен бері әлекке түсіп жүр. «Үйдің сапасыздығын айтып жауапты мекемелерге барғанымызбен, әзірге нәтиже болмай тұр» дейді.

Жаннұр Болатова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Бірінші күні таңғы 5-ке дейін жолдасым екеуміз алма-кезек отырып төгіп шықтық. Шелекпен 5 шелек төктік. Мына тазик солайымен тұр. Су ағады да тұрады. Барлық жерге бардық. Қала әкімі Испановқа да жаздық. Облыс әкімі Сапарбаевқа да жаздық. Ответтерін берді. Мердігер компанияның уақыты өтіп кетті деді.

Басқарушы компания өкілдері жағдаймен таныс. Айтуларынша, құрылыс кезінде бұл  үйлердің төбесіне қара қағаз талапқа сай төселмеген көрінеді. Ал оны қалпына келтіруге қаржы қарастырылмаған. Сондықтан алдағы жазда тұрғындардың өздерінен ақша жинау жоспарланып отыр.

Павел  Гержин, №30 басқарушы компанияның бас инженері:

Құрылысшылар қара қағаздың бір қабатын ғана төсеген. Төбенің жағдайы шынымен нашар. Қазір ол жерге көтерілу мүмкін емес. Алдағы уақытта тұрғындарды жинап, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал қала әкімдігінің өкілдері «Мердігер компаниямен арадағы келісімшарт мерзімі өтіп кеткендіктен, ендігі жағдайға тұрғындардың өздері жауапты» деп отыр. Сондықтан төбені жөндетуге қажетті қаржының 90 пайызын тұрғындардың өздері жинауы керек. Қалған он пайызын үйді күтіп ұстауға жауапты басқарушы компания төлемек.

Жақсыбек КЕМАЛ