Сумы қаласында Қазақстан ІІМ мен Украина киберполициясының өзара іс-қимылы нәтижесінде Астанадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде жарылғыш зат жасырылғаны туралы көрінеу жалған хабарлама жіберді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, -деп хабарлайды AstanaTV.
Тінту барысында ұялы телефондар, планшет, ноутбук, жүйелік блок және банк картасы тәркіленді. Электрондық құрылғылардан пайдаланылған аккаунт, жіберілген хабарламаның мәтіні және басқа да цифрлық дәлелдемелер анықталды.
Қазіргі уақытта тәркіленген техникаларға талдау жүргізілуде. Ықтимал сыбайластар анықталып, ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғы тексерілуде. Украинаның құзырлы органдарымен одан әрі процестік шешімдер қабылдау мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жалғасуда.
Қазақстанның ІІМ ескертеді: нысанды жару, терроризм жасау, кепілге адам алу және қауіпсіздікке төнетін өзге де қатерлер туралы жалған хабарламалар - ойын емес. Мұндай әрекеттер үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Ата-аналарға балаларға интернеттегі қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлық ережелерін түсіндіру, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күдікті белсенділікке назар аудару ұсынылады.