Жапонияның Қазақстандағы елшілігі 2026 жылғы 23 қыркүйектен бастап визаға құжат тапсыру тәртібі өзгеретінін ескертті, – деп хабарлайды AstanaTV.
Жаңа тәртіпке сәйкес, визаға құжат тапсыратын азаматтарға нөмірлік талондар беріледі. Талондар құжат қабылданатын күні сағат 09:30-дан бастап күту залында таратылады.
"Кезекке тұруға арналған нөмірлі талондар құжат қабылданатын күні сағат 09:30-дан бастап елшіліктің күту залында беріледі. Нөмірлі талон алған адамдар күту залында отырмай-ақ, сағат 12:00-ге дейін кез келген уақытта қабылдау терезесіне келе алады", - делінген хабарламада.
Талон алғандар визаға өтініш беру құқығына ие болады, алайда құжаттар бұрынғыдай кезек тәртібімен қабылданады. Нөмірлі талондар тек берілген күні ғана жарамды және оларды келесі күні немесе одан кейін пайдалануға болмайды. Сондай-ақ визаға өтініш нәтижелерін алған кезде нөмірлі талон талап етілмейді.
Айта кетейік, өтініш берушілердің жекелеген санаттары құжаттарын нөмірлі талонсыз тапсыра алады. Бұл Жапония үкіметінің немесе мемлекеттік мекемелерінің шақыртуымен келуге, медициналық визаны ресімдеуге, сондай-ақ вербалды нота бойынша құжат тапсыруға қатысты.
Жаңа жүйе 2026 жылдың 23 қыркүйегінен бастап қолданылады. Елшілік дүйсенбі және жұма күндері келушілер көп болатынын ескеріп, мүмкіндігінше аптаның басқа жұмыс күндері келуге кеңес берді.