Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Каспий теңізіне батып кеткен теңізшіні іздеу жұмыстары қайта басталды

AstanaTV
20.03.2018ж. 20:00
2399
Каспий теңізіне батып кеткен теңізшіні іздеу жұмыстары қайта басталды

Маңғыстау облысындағы Баутино портында былтыр желтоқсан айында суға батып кеткен теңізшіні іздестіру жұмыстары қайта жалғасты. Күн суытып, айлақта мұз қатуына байланысты 22 жастағы Бейбіт Башиковты іздеу қаңтарда тоқтатылған еді. Қазір әскерилер судың түбін тінтіп жатыр. Бірақ марқұмның анасы бұл іске көңілі толмайтынын айтты. Өйткені тек екі сүңгуір ғана жұмылдырылыпты. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Сүңгуірлердің су астындағы жұмыстары түсірілген бейне сарбаздың анасы Гүлнар Башиковаға күн сайын жіберіледі. Ал әскери бөлім басшысының дерегінше, бұл іске катерлер мен кемелер де тартылған. 

Ақылбек Исламғалиев,  ҚР ҰҚК ЖК 2201 «Б» ә/б командирі:

Ауа райы қолайлы кездері сүңгуірлер төрт рет қолданылды. 6 сүңгуір күн сайын суға түсті. Соңғы рет олар 15-наурызда жұмыс істеді. Кемелер мен катерлер арқылы судың бетін тексеріп жатырмыз. Қазір дауыл күшейгендіктен, су бетінен іздеу мүмкін емес. Сондықтан жағалау маңын шолуға кірістік.

Оқыс оқиға былтыр 11 желтоқсанда Баутино ауылындағы теңіз айлағында болды. Сол түні кезекшілікке шыққан 22 жастағы Бейбіт Башиков күшті толқынның әсерімен кеме шайқалған кезде суға құлап кеткен. Теңізшіге құтқару шеңбері лақтырылғанымен, толқын алысқа айдап әкеткен. Кейін кеме жүргізу ережесінің бұзылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.