$447.85 €513.46 ₽5.31
×

"Әділет" партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне еліміздің әр өңірінен азаматтар келіп, көмек сұрады

AstanaTV
22.09.2026ж. 19:00
"Әділет" партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне еліміздің әр өңірінен азаматтар келіп, көмек сұрады

Баспана дауы, сот шешімдерінің орындалмауы және кәмелетке толмағандардың әрекеті үшін жауапкершілік мәселесі.  Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың жеке қабылдауында осындай өзекті сауалдар көтерілді. "Әділет" партиясы ұйымдастырған қоғамдық қабылдау бөлмесіне  өңірлерден 26 азамат келіп, көмек сұрады. Тұрғындарды толғандырған түйткілді мәселелер туралы әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатып айтады.

Елорда тұрғыны Әділхан 2019 жылдан бері баспана мәселесін шеше алмай келеді. Айтуынша, әкесі үйін жеке тұлғаға кепілге қойған. Алайда отбасы қаражатты қолына алмаған. Кейін бұл істің алаяқтыққа байланысты болғаны анықталып, кінәлі әйел сотталған. Алайда сот процесі мұнымен аяқталмаған. Баспанасы электронды аукцион арқылы нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағаға сатылып кеткен. Апелляциялық және кассациялық сатыларда да сот шешімі өзгеріссіз қалған.

ӘДІЛХАН МАРАТҰЛЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкем үйін кепілге қойғанымен, ешқандай ақша алған жоқ. Ұзаққа созылған уайымынан кейін 2022 жылы әкем қайтыс болды. Сондықтан әділдік орнап, ісіміздің оң шешілуіне ықпал етеді деген үмітпен қоғамдық қабылдауға келдік.

Ал Айсара Сейтімханованың басындағы жағдай тіпті ауыр. Көрші пәтердегі баланың әрекетінен шыққан өрт салдарынан бір қызынан айырылған. Екінші қызы ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған. Қазір отбасы баспана мәселесін шеше алмай отыр. Өйткені ерекше күтімді қажет ететін баласы бар отбасыға ешкім пәтерін жалға бергісі келмейді. Табысы төмен болғандықтан, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына да сәйкес келмейді. Ол аздай кінәлілер жауапқа да тартылмады деп күйінеді ана.

АЙСАРА СЕЙТІМХАНОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мүгедек баламен квартира снимать ету өте қиын. Көршілерге ұнамайды баланың жылауы, айғайлауы. Сонымен 10 ай болды арпалысып келеміз. Квартира жайында бүкіл органдарға бардым, акиматқа бардым. 9 жыл больды кезекте тұрғаныма. Не ол жылжымайды. 

Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова қоғамдық қабылдауға келген барлық азаматтың мұң-мұқтажын тыңдап, түйіні тарқамай жатқан түйіткілдердің толық шешілуіне септесетінін айтты. Бұқараның барлық өтінішін жеке бақылауына алып, тиісті мемлекеттік органдарға жүгінбек. «Әділет» партиясы ұйымдастыратын қоғамдық қабылдауларда әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды.