Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан көшбасшысына ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.
– Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз. Қазақтар тарихы бай, төл мәдениеті мен рухани мұрасы байтақ көне ұлт ретінде тәжік халқына құрметпен қарайды. Сіздің парасатты әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан көптеген салада ауқымды реформалар жүргізіп, таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Осы өзгерістердің нәтижесі экономиканың орнықты өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс тауып отыр, – деді Қазақстан Президенті.