Бас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы хабарлайды. Бұл жағдайда қаскөйлер өздерін Ұлттық Банкінің қызметкерлері ретінде таныстырып, алаяқтардан қорғау сылтауымен азаматтардың ақшалай қаражатын иемденеді. Бір жарым айда ел бойынша осындай 39 дерек тіркелген, деп хабарлайды AstanaTV.
Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтар азаматтарға телефон шалып, өздерін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар адамның дербес деректері алаяқтардың қолына түскенін және шоттарындағы ақшаны ұрлауға әрекет жасалып жатқанын айтады.
17 қыркүйекте Ұлытау облысының полициясы Жезқазған тұрғынының ақшасын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ер адам алаяқтардың сөзіне сеніп, депозиттеріндегі барлық ақшаны шешіп алып, олардың нұсқауы бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына аударған. Келтірілген залал 9 млн теңге болды, — деп хабарлады ведомство.
Қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.