$445.65 €508.71 ₽5.3
×

"Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр",-Президент

AstanaTV
23.09.2026ж. 19:00
"Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр",-Президент

Бұрынғы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.  «Бұл - конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл қызметке елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс» деді Мемлекет басшысы. Президент ұсынған кандидатураны Халық Кеңесінің мүшелері қолдады. Халық кеңесі -еліміздің тарихында алғаш рет сан түрлі саланың өкілдерін бір арнаға тоғыстырып отырған пәрменді платформа. Азаматтық сектордың, этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық кеңестердің және өңір мәслихаттарының өкілдерін бір жалпыұлттық диалог алаңына бірікті. Жоғарғы конституциялық органға қандай жауапкершілік жүктелді және оның мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны қандай болмақ? Аяулым Изатқызы тарқатады.

"Кеңесіп пішкен тон келте болмайды",-дейді қазақ. Бүгін бұқарамен ақылдаса отырып, маңызды шешім қабылдайтын құрылым - Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады. Конституциялық реформаның заңды жалғасы ретінде бой көтерген саяси институт алғашқы ұйымдастыру отырысына жиналды. Мәртебелі мінберден сөз сөйлеген Мемлекет басшысы алқалы топтың ел ішіндегі береке мен саяси тұрақтылықты бекемдеудегі орны ерекше екенін атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын.

Басқосуда кеңестің тізгінін ұстайтын жетекші сайланды.  Президент беделді лауазымға халықтың мұңын ұғып, билік пен бұқара арасында алтын көпір бола алатын тәжірибелі қайраткер қажет деді. Осы ретте Мемлекет басшысы Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынып, оның мемлекеттік қызметтегі мол жиған-тергені бұл жауапты салада да жемісін беретініне сенім білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер — жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін.

Халық Кеңесінің мүшелері  кандидатураны бір ауыздан қолдады.  Ерлан Қошанов көрсетілген зор сенім үшін алғыс айтып, жасалған қадамды саяси мәдениеттің жаңа биікке көтерілуі ретінде бағалады. Ел шежіресіндегі алғашқы Халық Кеңесінің мазмұнын нақты істермен толықтырып, жүктелген тарихи міндетті абыроймен атқару керегін жеткізді. Ата заңда айқындалған құндылықтар құрылым қызметінің негізгі өзегі болмақ.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әрине, халқымыз қолдаған жаңа Ата заңымызда айқындалған құндылықтар мен басымдықтар жұмысымыздың негізгі өзегіне айналады. Мұның бәрі Халық кеңесінің қызметіне бағыт-бағдар береді. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында Халық кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді білікті әрі абыроймен атқарады деп сенемін. Бұл – ел шежіресіндегі алғашқы Халық кеңесі. Оның жауапкершілігі ерекше, жүктелетін міндет те бөлек. Өздеріңізбен бірге халқымыздың және Президентіміздің сенімін ақтаймыз деп сенемін.

Түрлі көзқарас пен халық аманатын бір арнаға тоғыстыратын алқалы жиын ертең де жұмысын жалғастырады. Басты отырыста Мемлекет басшысы жаңа саяси құрылымның алдында тұрған негізгі міндеттерді егжей-тегжейлі айқындап бермек.