$445.65 €508.71 ₽5.3
×

Әуежайда жарылғыш құрылғы туралы әзіл айтқан жолаушы 5 тәулікке қамалды

Әуежайда жарылғыш құрылғы туралы әзіл айтқан жолаушы 5 тәулікке қамалды
Polisia.kz

Әуежайда эвакуация жүргізілген жоқ

Оқиға Шымкент қаласының әуежайында болған. Шымкент – Астана бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде алкогольдік масаң күйдегі ер адам өзінің жүгінде "жарылғыш құрылғы" бар екенін айтқан, деп хабарлайды  AstanaTV.

Әуе компаниясының өкілдері жолаушыны рейстен дереу түсіріп, көліктегі полиция департаментінің қызметкерлеріне тапсырған. Көлік полицейлері жүргізген тексеру барысында бұл ақпарат расталмады. Жолаушының жүгінен ешқандай жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Әуежайда эвакуация жүргізілген жоқ. Тексеру нәтижесінде ер адамның қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды.

Сот шешімімен оған 5 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Көліктегі полиция департаменті әуежайларда және көлік инфрақұрылымы нысандарында жарылғыш құрылғылар немесе өзге де қауіп-қатерлер туралы әзіл айтуға болмайтынын ескертеді. Адам қандай да бір зиян келтіруді көздемей, мұндай мәлімдемені "әзіл ретінде" айтқан күннің өзінде, қауіпсіздікке қатысты кез келген ақпарат белгіленген тәртіппен тексеріледі және заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.