$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұрсұлтан Назарбаев Кемерово қаласындағы алапат өрттен қаза тапқандарға көңіл айтты

AstanaTV
26.03.2018ж. 20:00
2475
Нұрсұлтан Назарбаев Кемерово қаласындағы алапат өрттен қаза тапқандарға көңіл айтты

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Кемерово қаласындағы алапат өрттен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуына тілектестік білдірді. Сауда - ойын-сауық орталығында болған тілсіз жау 64 адамның өмірін жалмады. Арасында көктемгі демалысқа Трещевский ауылынан келген бүтін бір сыныптың оқушылары да болуы мүмкін деген ақпар тарады. Ертеңнен бастап қалада үш күндік қаралы күн жарияланды.

Қайғылы оқиға тапа-тал түсте болған. Төтенше жағдай қызметінің мамандары өрттің сауда орталығының 4-ші қабатындағы кинотеатрдан тұтанғанын айтады. Әдетте балалар көктемгі демалысты осы ойын-сауық алаңында өткізетін еді, - дейді ата-аналардың бірі. Құтқарушылар қаза тапқандардың қаншасы бала екені туралы мәліметті әлі жариялаған жоқ. 

Ата-ана:

Балаларым әдеттегідей 4-ші қабатқа көтерілген. Барса, лаулаған өрт пен түтін. Кері шығуға әрекеттенгенде, күзет қызметкерлері шығармай қойыпты. Форма кигендер басқа баспалдақтан түсіңдер деп жібермеген. 

4-ші қабаттағы бөлмеде қамалып шыға алмай қалғандар да болған көрінеді. Түтінге тұншығып жанұшырған адамдарға терезеден секіруден өзге амал қалмаған. Мына бейнежазба ғаламторды шарлап кетті. Қос жігіттің секіргені туралы хабар тарады. Екеуі де жараланған. Зардап шеккен 50 шақты адамның 12-сі ауруханада. Екі адам хәл үстінде жатыр. Оқиғаға қатысты 3 бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, 4 адам қамауға алынған.

Светлана Петренко, РФ Тергеу комитетінің ресми өкілі:

Тергеушілер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Куәгерлер мен зардап шеккендер сұралуда. Сауда орталығының қожайыны мен жалға алғандар да тергеуге алынды. Қажетті құжаттар тәркіленді. Сот сараптамасы тағайындалып жатыр. 4 адам қамалды. Арасында өрт шыққан аумақты жалға алған кәсіпкер мен сауда үйіне қызмет ететін басқарушы компанияның жетекшісі де бар.

Тілсіз жауға сауда нүктелерін тексеруге жарияланған мораторий себеп болуы мүмкін. Өйткені өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған. Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин осындай болжам айтты. Ол біздің елде тиісті тәртіпті өрескел бұзған сауда орындары жоқ деп отыр. Дегенмен күзетшілерді үнемдеу үшін көбіне эвакуациялық есіктер жабық болатын көрінеді.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Бізде кісі қарасы көп болатын жерлерде мораторий енгізу қаралмаған. Жоспарлы тексеріс жүргізіліп, заңбұзушылық анықталған жағдайда тіпті сот арқылы да жауапкершілікке тартуды талап етеміз. Бірақ ескеретін жағдай - бұл жерде бизнестің де жауапкершілігі болуы керек. 

Алдын ала болжам бойынша, көз жұмғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Дегенмен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Ресей Төтенше жағдай министрлігінен жауап күтіп отырғанын айтты. Ертеңнен бастап Кемеровода үш күндік аза тұту күні жарияланды. Қайғыдан қабырғасы қайысқан жұрт оқиға болған жерге шырақтар жағып, гүл мен ойыншықтар әкеп жатыр.