$441.89 €502.56 ₽5.19
×

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасуда: Күдікке ілінген тұлғалар анықталды

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасуда: Күдікке ілінген тұлғалар анықталды
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды AstanaTV.

Тергеу аясында оқиға орнына қарап-тексеру жүргізіліп, 30-дан астам әскери қызметшіден жауап алынған. Сонымен қатар қажетті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалған.

Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында қызметке салғырт қарады деп күдік келтірілген лауазымды тұлғалар анықталған.

«Метеорологиялық жағдайларды ескере отырып, жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті бақылау мен қажетті шаралардың қабылдануын қамтамасыз етпеген, құтқару жұмыстарын тиісінше ұйымдастырмаған, соның салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан лауазымды тұлғалар анықталды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Құзырлы орган барлық мән-жайды анықтау және оқиғаға қатысы бар тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беру бойынша қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.

«Тергеу барлық күдіктілердің әрекеттеріне толық құқықтық баға беріп, оларға қатысты процестік шаралар қабылдайды», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Тергеу нәтижесінде оқиғаның себептері мен оған жол берген жағдайларға құқықтық баға беріледі.