$520.48 €574.61 ₽6.06
×

Солтүстік Қазақстанда бұдан былай мұражайларға кіру тегін болмақ

AstanaTV
26.03.2018ж. 20:00
2743
Солтүстік Қазақстанда бұдан былай мұражайларға кіру тегін болмақ

Солтүстік Қазақстанда мұражайларға кіру тегін болмақ. Игі бастамаға өңір басшысы мұрындық болған. Коммуналдық-қазыналық меншіктегі нысандардың шығынын облыстық бюджет көтереді. Аймақтағы 9 мұражайды қамтамасыз етуге қанша қаражат қажет? Тілшіміз Абзал Құрманкин әңгімелейді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қызылжардағы мұражайлардың қаймағы Абылай хан Резиденциясы 2008 жылы Елбасының қатысуымен ашылған болатын. Бастан-аяқ жаңғыртылған нысанға тек жергілікті халық қана емес, сырттан келген қонақтар да қызығушылық танытады. Ханның үйін көруге былтыр 21 мың адам келген.

Мекеме қызметкерлері жұрттың қызығушылығын арттыру үшін тарихи жәдігерлерді көрсетіп қана қоймай, түрлі патриоттық шараларды өткізіп отырады.

Айнагүл Қыдбекова, «Абылай Хан резиденциясы» мұражайлық кешен директорының орынбасары:

Түрлі салт-дәстүрлер көрсетілді, театрландырылған көріністер көрсетіліп жатыр. Бұл дағы біздің көрермендеріміз үшін қаншалықты қызметіміз бар, шараларымыз бар, соны халыққа паш ету болып табылады. 

Бүгінде теріскейде 9 мұражай бар. Билеттердің орташа құны 300 теңге болатын. Бұдан былай музейге кіру ғана тегін. Тарихи нысандар коммуналдық-қазыналық меншікте қалған соң, өзге қызметтерді ақылы түрде көрсетуге құқылы.

Ермек Рахимов, СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Біз "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында мұражайларға кіруді тегін қылуды жөн көрдік. Өңір мұражайлары таза билеттен жылына 6,2 миллион теңге пайда түсіреді. Енді осыншама қаражат облыстық бюджеттен бөлінбек. Ал экскурсия, түрлі сабақтар мен шараларды жүргізу ақылы болмақ. Бұл мұражайлардың дамуына зор ықпал береді деп ойлаймыз.

Былтыр Қызылжар өңіріндегі мұражайларға 170 мыңға жуық адам келген. Билік тарапы биыл жаңа жүйенің арқасында тарихқа тағзым етушілердің қатары молая түсетініне сенімді.

А.Құрманкин