Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Алматылық ісмерлер құрақ көрпемен Гиннестің рекордтар кітабына енбекші

AstanaTV
26.03.2018ж. 20:00
3639
Алматылық ісмерлер құрақ көрпемен Гиннестің рекордтар кітабына енбекші

Кәдімгі құрақ көрпемен Гиннестің рекордтар кітабына енбекші. Наурыз мерекесіне орай алматылық ісмерлер әлемдегі ең үлкен көрпені тігуге кірісті. Қаладағы «Жібек жолы» алаңына жағалай отырған шеберлер ұлттық дәстүрді паш етті. Ұйымдастырушылар көрпенің көлемін 25 мың 500 шаршы метрге жеткізуді көздейді. Қажырлы еңбекті талап ететін ерекше шараға біздің тілшілер де куә болып қайтты.

Жоба идеясын Алматыдағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұсынып отыр. Бастаманы қала билігі қолдаған. Наурыз мерекесі күні шеберлер құрақ көрпенің алғашқы бөлшектерін тіге бастады. Үлкен алаңға жағалай тізе бүккен ақжаулықты аналар мен бүрмелі көйлекті қыздар бір мезетте көрпені қабуға кірісіп кетті.

Роза Қабиева, ұйымдастырушы:

Әуезов көшесі 175-ші үйдегі штабта осы құрақ көрпеге қатысып, өзінің қолдауын білдіремін, үлес қосамын деген барлық қалалықтарды және қала қонақтарын шақырамыз. Бұл жоба - рухани жаңғыру аясында ұлттық кодты, салт-дәстүрді дәріптеу.

Анар Бексұлтанова қыздың жасауын дайындаумен айналысады. Ол бүгінгі шараға Тараздан арнайы келген. Әйелдің екі қолы жоқ болса да, аяқ саусақтарының көмегімен көрпе қабып, іс тігеді. Шебер өз командасымен рекорд жаңартуға ат салыспақ. 

Анар Бексұлтанова, шебер:

Қуаныштымыз. Біздің де еңбегіміз Гиннестің кітабына енсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Көрпе тігуге ат салысу үшін шаһардағы 25 кітапханада тігін бөлмелері дайындалған. Ісмерлер бүгінге дейін 1,5 мың шаршы метр көрпені құрастырып үлгергендерін айтады. Қала бойынша оған 7 мыңға жуық адам қол ұшын созыпты. Негізгі меже көрпенің көлемін 25 мың 500 шаршы метрге жеткізу.

Наурызда басталған қызықты бастама қыркүйек айында мәреге жетеді. Ұйымдастырушылар Қала күні мерекесіне орай рекордты тіркеуге мамандар шақырмақшы. Бұған дейін әлемде мұндай көрпе 2000 жылы Португалияның Порто қаласында тігілген. Оның көлемі  25 100 шаршы метрге жетіпті.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ