$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Д.Ахметов премьер-министрден көмек сұрады

AstanaTV
27.03.2018ж. 20:00
2914
Д.Ахметов премьер-министрден көмек сұрады

Шығыс Қазақстандағы су тасқынына төтенше жағдай мамандары дайын болмай шықты. Бүгін Даниал Ахметов премьер-министрге осылай деп шағымданды. Неше күннен бері су тасқынымен алысып жатқан өңір басшысы Үкімет отырысында бар проблеманы жайып салды. Қажетті құрал-жабдық жоқтың қасы. "Мысалы, мотопомпа. Жоспар бойынша облыста 249 болуы керек. Өңірде 55-і ғана бар. Қайық 69 болуы қажет болса, бары 14 қайық. Жол талғамайтын көлік, салайдағыш 55 болуы тиіс, оның біреуі де жоқ", - деді облыс басшысы.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жігіттеріміз судың басында жүр ғой. Оларға гидрокомбинезон керек. Жоспар бойынша 1 мың болуы керек. Ал бүкіл облыста 86 ғана. Осы жағдайға жай қарамайық. Биылғы жылдың басында 300 млн теңге бөлдік. Қазір тағы 200 млн бөліп отырмыз. Бірақ осы мәселені бірге шешуге мүмкіншілікті тауып берсеңіз.

Жағдайді естіген премьер Ішкі істер министрінің орынбасарына шүйлікті. Алайда ол дайындаған баяндамасында бұл сұраққа жауап жоқ екенін айтты.

Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Премьер-министрі:

Баяндамаға жазып берген жоқ қой. Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндамаға жазып берсе, білесіз, жазып бермесе, жағдайды білмейміз. Соңында осындай жағдайға жетеміз. Комбинезон жоқ, мотопомпа жоқ. Қиын болса, көрші облыстардан сұрап аламыз.

Төтенше жағдайлар қызметін толық жарақтауға 30 млрд теңге керек көрінеді. Бүгінде ел бойныша өрт сөндіру қызметі 33 пайызға, жедел құтқару қызметі 65 пайызға, медициналық-апаттық көмек көрсету қызметі 59 пайзыға ғана жабдықталған.