$441.88 €503.61 ₽5.24
×

Қазақстан құрамасы WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында сегіз марапат иеленді

Қазақстан құрамасы WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында сегіз марапат иеленді
Оқу-ағарту министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмысшы мамандықтарын дамытуға және білікті кадрлар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, жастардың сапалы кәсіби білім алуына жаңа мүмкіндіктер жасалып жатыр,  деп хабарлайды AstanaTV.

Шанхайдағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сегіз марапатқа ие болды: бір қола медаль, кәсіби шеберлігі үшін алты медаль және «Best of Nation» марапаты. Бұл нәтиженің артында студенттердің табанды дайындығы, тәлімгерлерінің еңбегі және мемлекеттің кәсіби білім беруге көрсетіп отырған жүйелі қолдауы тұр.

«Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша Руслан Нестеренко қола жүлдегер атанды. Бұл бағыт әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Қазақстандық жас маман алғашқы жарыстың өзінде жүлделі орын алып, жаңа технологияларды меңгерудегі әлеуетін көрсетті.

Кәсіби шеберлігі үшін медальдарды Ағыбай Мұхаметжан («Веб-технологиялар»), Нодирбек Рустамханов («Сантехника және жылыту»), Вадим Витковский («Дәнекерлеу технологиялары»), Дарья Мельник («Өнеркәсіптік дизайн»), Бағыжан Қойшыбаев («Графикалық дизайн»), сондай-ақ «Мехатроника» бойынша команда болып қатысқан Рамазан Нұрлан мен Денис Панин иеленді.

«Цифрлық интерактивті медиа дизайны» құзыреттілігі бойынша бақ сынаған Камила Алиева «Best of Nation» марапатына ие болды.

48-ші әлем чемпионатында Қазақстан атынан 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студенті қатысты. Олардың жетістігі қазақстандық жастардың жұмысшы мамандықтарында да, инженерлік, цифрлық және шығармашылық бағыттарда да әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Жастарды, олардың ұстаздары мен сарапшыларын құттықтаймыз!